Жұмыс орны жақсаруда

Кен өндіру мен өңдеу үдерісінде еңбек жағдайының жайлы әрі қауіпсіз болуына баса назар аударатын «Қазақмыс» корпорациясы арнайы стандарттар енгізіп, соның негізінде төтенше жағдайлардың алдын алып, адам шығынын болдырмауға күш салуда. Бұл тұрғыдан келгенде Оңтүстік Жезқазған кенішінің «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы қолайлы жұмыс жағдайын жасауға
мән беруде.

Кеніш басшылығымен бірлескен кәсіподақ ұйымы түрлі байқау ұйымдастыру арқылы еңбек қорғаудың маңыздылығын арттыруда. Кеніштегі кәсіподақ төрағасы Абзал Жаңабергеновтің бастамасымен қолға алынған қауіпсіздік техникасы жөніндегі байқау өз нәтижесін беруде. Онда учаскелерді талапқа сай қауіпсіздендіру, жарықтандыру сынды еңбек қорғау шарттарының қаншалықты жүзеге асырылғандығы анықталды. Байқау талаптарына сай келген үздіктер он бір номинация бойынша жеңімпаз деп танылды. Олар комиссияның шешімімен арнайы сертификат пен сыйақыға ие болды.

– Біліктілік жауапкершілікпен жұптасқанда табыс пен сапаға апарады. Осы жолда еңбек қауіпсіздігін жетілдіріп, жұмыс жағдайын жақсартуға барынша ден қойылуда. «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы мен «Бригадирлер кеңесі» бірлесіп учаскелер арасында еңбек қорғауға, қауіпсіздікті қатаң сақтауға үндейтін тағы бір игі істің ұйытқысы болды. Әр учаске талапқа сай тапсырманы орындауға тырысты. Арнайы құрылған комиссия учаскелерге барып, қолайлылық деңгейі қаншалықты сақталғанын бағалады. Осылайша жұмыс орнының дайындығы сарапқа салынды, – дейді «Бригадирлер кеңесінің» ОЖК-гі бастығы Дархан Алмахов.

Байқаудың еңбек қорғау талаптарын күшейте түсуге, кеншілердің өз жұмыс орнына жанашырлықпен қарауына үндегені ақиқат. «Бүгінде кеніш ұжымы өнім беру жағынан да қауіпсіздік стандарттарын орындауда да көшбасында тұр», – деген кәсіподақ төрағасы алдағы уақытта да еңбек қауіпсіздігі күшейтіліп, өнімді еңбек етуге жетелейтін шараларды ұйымдастыру жалғасын таба беретіндігін атап айтты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.