Бір Отан, бір тағдыр, бір Елбасы

Оқушылар сарайында «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы ұйымдастырған «Бір Отан, бір тағдыр, бір Елбасы» атты шара 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне арналды.

Еліміздің ел болу шежіресі сан түрлі белестерден тұрады. Сол белестердің ең алғашқысы еліміздің Тұңғыш Президентінің сайлануы болатын. Тәуелсіз Қазақстанды сындарлы жолдардан, сан түрлі белестерден құлатпай, сүріндірмей алып шығу үшін үлкен қажыр-қайрат пен ұлтқа деген сүйіспеншілік керек еді. Нұрсұлтандай ұлдың бойынан сол қасиеттердің барлығы дерлік табыла білді. Халықты қашанда білікті басшы шыңға шығарады емес пе. Еліміздің әлемге танылуы Елбасының арқасы екендігі баршаға аян.

Бұл мерекенің тойлануының өзіндік мәні мол. Осы арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танитындығын атап айтқан оқушылар сарайының директоры Әсем Абдраймова жасұландықтардың игі ісіне сәттілік тіледі.

«Нұр Отан» партиясының ХІІІ сьезінде Н.Назарбаев «Жас Ұлан» балалар ұйымының жаңа жүйесін құру керектігін атап өткен болатын. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай 2011 жылдың алтыншы шілдесінде Астана күніне орай бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Ұйымның Кеңес мүшелері, жұмыс жоспары қабылданды, ресми нышандары бекітілді.

Бүгінде «Жас Ұлан» ұйымының қатары жыл сайын өсіп келеді. Тұңғыш Президент күнімен «Жас Ұлан» ББЖҰ Ұланбасы күні қатар аталынуда. Айтулы күнге орай Сәтбаев қаласының «Жас Ұлан» ББЖҰ Ұланбасы Ильхам Құдайбергенов салтанатты түрде ант қабылдады.

Елбасының өмір жолы, елге сіңірген еңбегі тілге тиек етілген шарада бүкіл елдің қолдауы мен сеніміне ие болған көшбасшымызға арналып ән айтылып, жыр төгілді.

Мейрамгүл ШАХАТ.

Комментарии закрыты.