«Әнші балапанның» мерейтойын жүргізді

Қаламыздың мақтанышы, аты облысқа танымал бола бастаған әншіміз Ратбек Асқап қараша айында Алматы қаласындағы студенттер сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген республикалық «Әнші балапан» байқауын жүргізіп келді. Бұл шара жас таланттарды қуаттау қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

Республикалық жасөспірімдер мен балалар шығармашылығы «Әнші балапан» ән-би байқауына биыл 20 жыл толыпты. Осы мерейтойға жүргізуші ретінде арнайы шақырылған Ратбек тек жүргізуші ғана емес, әншілік өнерімен де көрермендерін таң қалдырып қайтты. «Әнші балапанның» мерейтойында кезінде осы байқаудан түлеп ұшып, бүгінде үлкен сахнада жүрген белгілі әншілер де өнер көрсетті. Аталмыш байқаудың жетекшісі Роза Жаншурина өз қолынан дипломды тапсырып тұрып, Ратбектің өнер жолында көп жетістіктерге жететініне сенім білдірді.

Бұл – Ратбекті кішкентай кезінен сахнаға дайындап, әншілік дарынын аша білген қаланың Құрметті азаматы Айгүл Күлшекенованың еңбегінің жанғаны, әрі кеншілер қаласының мерейі.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.