Кемел келешек кепілі

Жастар… Әдетте аға буынның сынайтыны да, үміт артатыны да, тіпті тұтас мемлекеттің болашағы да осылар. Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші һәм келешегі. Білімі мен білігі, арманы мен аңсары бәсекеге қабілеттілігі – мемлекеттің тұрақты дамуының көрсеткіші. Өткен аптада Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген «Жалындап жастар жанамыз, Патриот біз де боламыз!» форумы сол жалындаған, келешегінен зор үміт күттірер белсенді жастарға арналды.

Бүгінде әлемде дамыған елдер қатарына қосылуда мемлекетіміз де жалындаған жастарға үкілеген үміт артып отыр. Жаңаша қөзқарас пен жаңа бастамаларға құмар буынның белсенділігімен баянды болашаққа қарай батыл қадам жасауға болатынын ескерген Елбасы да кезекті Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, бекітті. Бұл ертеңіне зор сеніммен қараған Ұлт көшбасшысының еліміздегі жастар саясатының жүйелі түрде жүргізілуін қадағалаумен байланысты екендігі анық. Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина Елбасының салиқалы саясатын жоғары бағалап, жастарға қолдау берудің өзі құрмет екендігін жеткізді.

– Қала жастары форумының өтуі заңдылық. Себебі, жыл сайын Елбасы жастар саясатына баса көңіл аударып келеді. Өтіп жатқан шараның негізі де қаланың қуатты жастарын қолдауға саяды. Біздің қала – жастар қаласы. Қай саланы алсақ та озат қызметкер, озық жұмыскер болып қаланың дамуына сүбелі үлес қосуда. «Жас келсе іске» деген қағиданы ұстанған елдің келешегі баянды екені аян, – деген Айгүл Қосманқызы қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттады.

Бұл жолы Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хатымен қалалық полиция бөлімі тергеу бөлімінің тергеушісі Амангелді Байқоңыров, қалалық жастар ресурстық орталығы жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі әдіскер-психологы Жәудір Еркебекова, мәдени-сауық орталығының хореографы Алуа Касенова, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Технологиялық колледждің студенті Владлен Малахов, №1 мектеп-гимназияның тәлімгері Гүлнұр Миркинова, қалалық жастар мәслихатының хатшысы Дәулет Сейтпеков, ЖПҚ ювеналды полиция тобының учаске инспекторы Медет Сейтмағанбетов, Оқушылар сарайының құрастыру үйірмесінің жетекшісі Абай Хужаев, өзбек халқы бастамашыл тобының белсенді өкілі Сабида Шаймонова, жас спортшы, қоян-қолтық ұрыс жекпе-жектен әлем чемпионы Азамат Шакиров марапатталды.

Айта кетейік, биыл қаламызда жастар арасында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақсатында ең үздік бизнес жобаға байқау жарияланған болатын. Қала әкімінің қолдауы 1 миллион теңгелік сертификатпен құнды болды. Қаржылай көмекке суэмульсиялы бояу шығару өндірісі бойынша жобаның жетекшісі, жас кәсіпкер Владислав Куликов лайық деп танылды. Жеңімпаздың есімі форум барысында айтылып, сертификат табысталды. Өз кәсібін іске асыруды көздеген жас қала басшылығына алғысын жеткізіп, кәсіп бастағасы келген жандарды жігерлендірді.

Форум кезінде қалалық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған «Елбасына арналған құттықтау хат» байқауының жеңімпаздары да анықталды. Оларға да лайықты құрмет көрсетіліп, мақтау қағазы мен ақшалай сыйлық үлестірілді.
Мерекенің көркін жас өнерпаздар келтірді. Әннен шашу шашылып, бишілер бимен көмкерді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер О.Батырбековтікі.

Комментарии закрыты.