Бүлдіршіндер Тәуелсіздікке үн қосты

Өткен жұмада №16 орта мектепте 0 «А», 0 «Б» мектепалды даярлық сыныптарында сынып жетекшілері Зәуре Барақбаева мен Жұлдыз Шакенованың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – ел тілегі» атты тәрбие сағаты өтті. Бұл сабаққа бүлдіршіндердің ата-аналары да қатыстырылды.

Біріккен сабақтың мақсаты – оқушыларды еліміздің тарихымен таныстыру, мемлекетіміздің Тәуелсіздігі жайлы мәлімет беру, Отанымызды сүюге, патриоттыққа және мәнерлеп тақпақ айтуға, тіл мәдениетін сақтауға тәрбиелеу болды.

Тәрбие сағаты Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Содан соң, жүргізушілер көрермендерге қазақ халқының Тәуелсіздікке жету жолы, еліміздің егемендік алуы жайлы мәліметтер берді. Сонымен қатар, сабақта оқушылар «Отаным», «16 желтоқсан», «Тәуелсіздік», «Қазақстан» және т.б. тақырыптарда патриоттық тақпақтар орындады. Сабақ барысында оқушылардың білімдерін тексеру үшін оларға танымдық сұрақтар қойылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тәрбие сағаты балалардың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.