Тәуелсіздікке тарту

Сәтбаев қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы 31 а мекен-жайынан «Әлия» мейрамханасы ашылды. Заман талабына сәйкестендіріліп, өзгешеліктер енгізіле отырып, қолданысқа ұсынылған кешеннің тұсауы өткен жұмада кесілді.

Кәсіпкер Әлия Аяпбергенованың қолдауымен бой көтерген нысанның иесі – Азамат Бозтаев. Жүз жиырма адамға арналған бір қабатты мейрамхана отбасылық мерекелерге арналған. Жалпы көлемі 320 шаршы метрді құрайды. Жабдықталуы заманауи талаптарға сай.

Ел экономикасы басқа құрылымға өтіп, мемлекет есебінде тұрған ғимараттар жекешелендіруге берілген уақытта қалада тұрғындарды қамтамасыз ету тұрғысында қиындықтар туындады. Кейіннен қайта қалпына келтіріліп, жаңадан салынып, қадам-қадаммен қатарға қосылу үрдісі сақталып, әрі қарай жалғасып келе жатыр. Осының бір дәлелін «Әлия» мейрамханасынан көруге болады. Жасампаздық істермен алға басып келе жатқан шаһардағы тұсаукесер тойға бір топ кәсіпкерлер, қуаныш иелерінің туған-туыстары мен дос-жарандары жиылды. Салтанатты лента қию құрметіне Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев пен мейрамхана директоры Әлия Аяпбергенова ие болды.

– Бүгінгідей мерекелік көңіл-күй сыйлап, cәулетті демалыс орнын ашқаны үшін жоба басшылығына алғыс білдіремін. Баршаңызды қаладағы ең көрікті де ең ауқымды ойын-сауық кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Әрқашан тірлігіміз түзу, бірлігіміз бекем болсын, – деген әкім орынбасарының тілегін көпшілік жалғастырып, «Жұмыс сәтті, талап тәтті болсын!» дегенге сайды.

Кеншілер қаласы қара жұмыстың ғана емес, мәдениеттің де орталығы болуға өте лайықты екендігін аңғартуда. Үлкен істі мойнына алған кәсіпкер Әлия Аяпбергенова басқарып отырған бұл бірінші нысан емес. Жолдасы Есеймен бірге «Кең дала» жиһаз дүкенінің жұмысын жүргізіп, шаруасын шалқайтып отыр. Баласы Азамат Бозтаев қолға алған істің де жанданары сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.