Жауапты қызметті жолға қойғандар

Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай полиция қызметкерлерінің бір тобы марапатталды. Жауапты қызметтің басы-қасында жүрген ардагерлер мен майталман маман иелеріне алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Дүйсембеков қастерлі мерекенің егемендік ұстанымын биікке көтеретіндігін айтып, жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлер мен қатарда еңбек етіп жүргендерге алғыс білдірді.

– Ел жетістігінде полиция қызметкерлерінің алар орны ерекше. Елбасының сындарлы саясатын іске асырып, қоғамның жаңару үрдісіне белсенді атсалысудасыздар. Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Сіздерге қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттер жүктелді. Қазақстандық полиция құрылған күннен бастап ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып келеді. Осынау ортақ іске біздің ұжым елеулі үлес қосуда. Жоғары кәсіби шеберлік пен өз істеріңізге деген адалдықтан таймаңыздар. Жұмыстың қиын, тіпті кей жағдайларда аса қауіпті екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да мемлекет, жергілікті билік органдары материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Бұл мақсатқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан, сіздердің тараптарыңыздан тиісті еңбек пен лайықты жауап күтіледі. Жұмыс нәтижесі, қоғамдағы абырой-бедел осыған байланысты болмақ, – дей келе, шекті жасқа жетуіне байланысты зейнеткерлікке шыққан ардагерлерді «Жедел-іздестіру бөліміне – 100 жыл» ескерткіш медалімен марапаттады. «ҚР Полициясына – 25 жыл» арнайы төсбелгіге Қ.Әбішев, А.Асанов, Д.Пазылбеков, Б.Жақыпов, М.Асылбекова, А.Рамазанов, А.Нағашбеков ие болса, полиция капитандары Д.Мағзұмов, С.Тастағанов, Д.Әжібаев, Қ.Жұмабаев, полиция лейтенанттары Б.Жақыпов, А.Рамазанов, полиция старшинасы Т.Әбілғазиннің кеудесінде үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі жарқырады.

Рухани құндылықтарды арттырып, азаматтардың құқығы мен бостандығын, заңды мүддесін қамтамасыз етуге үлесін қосқан полиция мойоры А.Атабаева мен аға сержант Н.Нұрғабылға «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Әміровтың Алғыс хаты тапсырылды.

Қоғамдық тәртіпті қорғап, қылмыспен күресіп, оның алдын алудағы еңбегі үшін полиция мойоры М.Мұқажанов, полиция капитандары Г.Жүнісова, Ш.Мұханбетжанова, А.Алтыбаев, Т.Қуаныш, С.Тастағанов, Н.Қалиев, жетекші маман А.Тоқаева, аға лейтенанттар Б.Қалиев, А.Бабакиев, лейтенанттар А.Битаев, Т.Тарыбаев, старшина С.Карина, аға сержант Ж.Алпысбайды Полиция бөлімінің бастығы Асхат Дүйсембеков құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Мұнан соң жаңа жұмысқа қабылданған бір топ жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады. Еңбек ардагерлері мен жас мамандар арасындағы сабақтастықты нығайтып, берекелі ете түсу мақсатында аталмыш салада ұзақ жыл тер төккен бір топ ардагерлер ұлықталып, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.