Алты маңызды мәселе қаралды

Тұрғындардың денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оны кеңестің төрайымы, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева жүргізді. Кеңестің жұмысына қаралатын мәселелерге қатысты мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері шақырылды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге орай, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бойынша дәрігерлік-санитарлық бөлім емханасының меңгерушісі С.Ержанова шығып, осы бірлестіктегі жұмыскерлердің туберкулезбен ауыру жағдайын баяндады. Бүгінде 75 адам құрт ауруымен есепте тұрғандығын, флюорографиядан өткізу шарасының 91 пайызды құрайтынын айта келе, баяндамашы туындап отырған қаржылық мәселелерге де тоқталды. Сондай-ақ санаторлық-курорттық емдеумен кеншілердің толық қамтамасыз етілмейтіні, материалдық көмекті бірдебір адамға көрсете алмағандары, жалпы сауықтыру шараларының жеткіліксіз жүргізілетіндігі сөз болды.

Келесі кезекте Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері А.Несіпбаев осыған дейінгі қабылданған шешімдердің орындалу барысын мәлімдеді. Туберкулез ауруының өсіп тұрғанын, өз еркінсіз емделіп жатқан 145 адамның емінің нәтиже бермеуі, олардың емхана тәртібін сақтамайтындарын қынжыла жеткізді.

Күн тәртібіндегі «СПИД-пен күрес және алдын алу бойынша Жезқазған қалалық орталығының өткен он айдағы жұмысы жөнінде» СПИД қалалық орталығының бас дәрігері Т.Тельбаева, ОРВИ және тұмау ауруларының тарауына жол бермеуге байланысты қаладағы іс-шаралар туралы «МСЭҚБ» ММ бастығы М.Аманжолов қысқаша хабарлама жасады.

Қаланың медициналық мекемелеріне Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау Жүйесін (БҰДЖ) енгізу барысы жайлы Сәтбаев қаласы емханасының директоры Ә.Қоңырова кеңінен баяндады.

– Біздің емхана БҰДЖде екінші жыл жұмыс істеуде. Ол үшін арнайы қызмет құрылып, госпиталдау портал бюросының жұмысына тікелей жауапты тұлғалар белгіленген. Госпиталдаудың портал бюросы – дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де барлық мәліметтерді айқын, жоспарлы түрде госпиталдау арқылы жүзеге асыратын компьютерлік бағдарлама. Ол бойынша кез келген адам тұратын мекеніне немесе тіркелген жеріне қарамастан өзі таңдаған емханасына ауруына байланысты өтінішпен шығады. Егер денсаулығы жедел түрде госпиталдауды қажет етпейтіндей болса, емхана дәрігері тексеруден өткізіп, аурудың қай емханада емделгісі келетінін анықтайды. Пациенттің таңдауы бойынша госпиталдау бюросы белгіленіп, стационарда бос орынның бар-жоғын біледі. Орын болған жағдайда дәрігер портал арқылы жоспарлы госпиталдауға тапсырыс береді де, ауруға автоматты түрде жекелендірілген код белгіленіп, талон беріледі. Пациенттің жеке мәліметтері құпия сақталады. Госпиталдау күні белгілі болғаннан кейін дәрігер жолдама беріп, ол өзі таңдаған аураханаға жоспарлы түрде емделуге жатады.

Үстіміздегі жылдың 20 қарашысына дейін жоспарлы госпиталдауға 785 адам жіберілді. Оның 99-ы облыстық, 31-і республикалық клиникаларға жіберілсе, 655-і жергілікті емханаларда емделді.

Порталдың жұмысына ай сайын сараптама жасалып, нәтижесі шығарылып отырады, – деді Әлия Мешітбайқызы.

Кеңесте қаралған өзекті мәселенің бірі – «Жыныстық қатынас арқылы берілетін жұқпалы аурулар» туралы – тері-венеролог дәрігер А.Қадырованың хабарламасы тыңдалды. Осы жылдың I тоқсанында бұл аурумен ауыратындар саны өскенін, әсіресе, жасөспірімдер арасында белең алып тұрғанын жеткізген дәрігер, оқу орындарымен тығыз байланыста екенін, дөңгелек үстелдер, әңгімелер, кездесулер жиі өткізіліп тұратынын да айтты.

Барлық мәселелерге байланысты тыңдалған ақпараттар есепке алына отырып, тиісті шешім қабылданды. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижелі болуын қадағалау, денсаулық сақтау мен білім беру мекемелері бірлесіп жұқпалы аурулардың алдын алуда кеңкөлемді акциялар өткізу, тубдиспансер маңында кешкі мезгілде тексеру рейдтерін күшейту, емделуден қашып жүргендерді анықтау, мектепке дейінгі, мектептердегі, балалар үйлері т.б. мекемелердегі температуралардың нормаға сай болуын тексеру, қадағалау, т.б. мәселелерге орай жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Алты бірдей әлеуметтік маңызы бар мәселені көтерген үйлестіру кеңесін қорыта келе М.Мәдиева: «Біздің басты міндетіміз – халыққа қызмет ету, салауатты өмірді насихаттау. Аурулардың бәріне бірдей дер кезінде көмек көрсету, олардың арыз-шағымдарын барынша шешуге тырысу», – деді.

М.ЖАППАСБАЕВА, үйлестіру кеңесінің мүшесі.

Комментарии закрыты.