Дəстүрді жалғастырған айтыс

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты қалалық ақындар айтысы мен термеші және дәстүрлі әндер байқауы өтті. Айтысқа Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан және Ұлытау ауданынан келген алты ақын қатысты.

Алғашқы жұпта айтысқа бала кезінен бет бұрған, бүгінде төселіп қалған Ш.Ділдебаев атындағы ақындар мектебінен дәріс алған Муұстафа Халдаров пен қалалық сайыстарда көзге түсіп жүрген Әлем Көлбаев шықты.

Тәуелсіздігімізді жырға қосқан Мұстафа ақын әуенімен де сөз саптасымен де басым түсті. Денсаулығына байланысты сахнаға амалсыз шыққан Әлемнің ауырып отырғаны «әу» дегенде-ақ белгілі болды. Сонда да болса қарсыласын жарты жолда тастап кетпей, айтысты аяқтап шықты.

Келесі кезектегі жұптар ҚарМУ студенті, ұлытаулық Ботагөз Мухиденқызы мен Жезқазған саз колледжінің студенті Медет Жаманов тақырыпқа таянбай, қыз бен жігіт айтысын бастап кетті. Дегенмен де, замандастардың әзілмен алмасқан жарыстары көрермендерді желпінтіп, көңілдерінен шықты.

Соңғы жұпты бастаған Қарағанды қаласынан ат арылтып келген 11 сынып оқушысы Нұрмұханбет Байсүгіров біздің Елеусізова Жұлдыз қызымызға «Жұлдыз-ау бұл айтысқа неге шықтық, Нұрлардың жеңетінін біле тұрып?» – деп бас салды. Жұлдыз да жауабын сыпайы қайтарып, тақырыпқа да айнала соғып, әп-әдемі айтыс тудырды.

Бірінші айналымда-ақ беталысы белгілі болып қалған айтысты екінші айналымға шығаруды қажетсіз деп тапқан қазылар алқасы өз төреліктерін жариялады.

Қазылар алқасының төрағасы жергілікті ақын, қаланың Құрметті азаматы Мұса Тілеуов көрермендерді келе жатқан Ұлы мерекемен құттықтап, ақындардың ұтымды тұстары мен кемшіліктерін де саралады. Кейбір айтыскерлердің бабында болмағанын, біреулерінің Тәуелсіздікті емес, махаббатты жырлап кеткендерін айтып, келешекте осыларды есепке алуды ескертті.

Сонымен, жылына бір өткізуді дәстүрге айналдырған жас ақындар айтысында I орынды ең жас ақын Нұрмұханбет жеңіп алса, II және III орындарға Медет пен Ботагөз ие болды.

Бәрінен де басым болған өзіміздің Мұстафаға Гүлсара Жиеналиева Шынболат ағамыздың атынан Ділдебаевтар әулеті тіккен түрлі-түсті теледидарды сыйлады. Ешкім де аталмай қалған жоқ, бәрі де арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айтыстың ұйымдастырушысы – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан термеші және дәстүрлі әндер байқауына қатысқан өнерпаздардың барлығына да бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұл айтыста ақындарға қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай мен депутат И.Велиев қаржылай көмек көрсетті.

Айтыстың арасында терме және дәстүрлі әндер байқауларының жеңімпаздары А.Керменбаева, Е.Жаманов, Э.Жұбаниязова, Н.Қаршығанов, А.Көлбаев, М.Әбушәріп, А.Жаппар және «Импульс» үлгілі би тобы өнерлерін көрсетті.

Айтысты өткізудегі мақсат – ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, оны дамыту, таланттарды анықтап қана қоймай, оларды дәріптеу, көтермелеу деп білеміз. Олай болса, қазақ халқының мерейін өсіретін – айтысты қаламызда жоғары деңгейге көтере алмаса да қолда барды сақтап қалуға ұмтылып, талпынып жүрген жас ақындарымызға қанат бітіріп, дәстүрді жалғастырып жүрген ұйымдастырушыларға мың да бір рахмет дейміз.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ, қазылар алқасының мүшесі.

Комментарии закрыты.