Ақсақалдар кеңесі әкім назарында

Үлкенге – құрмет, кішіге ізетпен қараған қазақ атаның сөзіне баса мән беріп, алқалы отырыста айтылған ақылды азық еткен. Ақ жолдан айнымай, әділін айтатын ақсақалдар өнегесінің өміршең болуы да заңды. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов жылдағы дәстүрден жаңылмай аталы сөзге мән беріп келеді. Жуырда шаһар басшысы Достық үйінде Ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен кездесіп, қариялардың ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ түрді.

Қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласып, сүбелі сөз айтып жүрген қариялардың пікіріне жиі құлақ түретін қала басшысы жиынды өзі жүргізіп отырды. Әкім әуел бастан ақсақалдардың қоғам өміріне бей-жай қарамай, атсалысып жүргеніне ризашылығын білдірді. Биылғы жылы атқарылған жұмыстармен жіті таныстырып, келер жылда жүзеге асырылатын жобаларды жария қылды.

– Жалпы алғанда, биылға жоспарлаған істеріміздің басым көпшілігі іске асырылып, келер жылға жоспарланған маңызды жобаларымыз өте мол. Келер жылы 5 үйдің құрылысы басталып, 3 және 7 шағын аудандарда абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, балаларға арналған ойын алаңдарын салу туралы жоба мақұлдануға жіберілді. Сонымен қатар, Жеңіс саябағы мен «Юность» стадионын қайта қалпына келтіру жоспарда тұр. Мұның бәрі көненің көзі, оны өскелең ұрпаққа тиісті дәрежеде дәріптеп жеткізуіміз қажет. 2019 жылы Тәуелсіздік саябағына Төлек батырдың ескерткіші мен Абай көшесінің бойына ұлы ақынның бюстін орнатуды көздеп отырмыз. Қаламыздың есімі берілген Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы алдағы жылға тура келіп тұр. Көптеген шараларды өткізетін боламыз.

Елбасымыз келер жылды Жастар жылы деп белгілегені баршамызға аян. Жастардың бойында ізгілікті-рухани құндылықтарды қалыптастыруда сіздер мен біздің алдымызда тұрған міндет орасан. Қалалық Ақсақалдар алқасының отырыстарында қаламыздың жағдайына байланысты көптеген мәселелер көтерілетіндігін білеміз. Пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз маған уақытында жетіп отырады. Ақсақалдардың қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүргені қуантады. Сіздерге айтайын, мәселен Тараз қаласында әрбір көшеге жауапты ақсақалдар белгіленген. Олар барлық кемшіліктерді қала әкімшілігіне дер кезінде жеткізіп, қоян-қолтық жұмыс істейді. Есесіне ақсақалдардың еңбегі бағаланып, оларға сыйақы беріледі. Осы тәжірибені сіздермен бірлесіп іске асырғымыз келеді. Ұсыныстар мен сауалдарыңыз болса, мархабат, – деді Асқар Ыдырысов.

Асқар Абылайұлы өз сөзінде жаңадан бой көтеріп жатқан №8 шағын ауданда 214 отбасыға арналған коттедждер қалашығының құрылысы аяқталуға жақын қалғандығын ескертіп, жаңа ауданның көшелеріне атау беру мәселесі төңірегінде әңгіме қозғады. Бұл ретте ақсақалдардың ұсыныстары қажет екендігін, көше атауларын беруде елге еңбегі сінген азаматтардың есімдері мен жер-су аттарын лайықты таңдап, асығыстық жасамауды сұрады.

Өз кезегінде ақсақалдар қалаға газ құбырын тарту мәселесіне қызығушылық білдіріп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

– Абаттандыру жұмыстары жүргізіліп отырғаны қуантады. Көріктендіру жұмыстары қарқын алғасын, қаланың күллі аумағын қамту керек деп ойлаймын. Әсіресе, «қазақ ауылы» деп жүрген ауданда абаттандыруды мүлде көрмеген көшелер бар. Соларды ретке келтірген жөн болады. Жолдағы қауіпсіздік белгілері орнатылса, біраз шаруа істеліп қалатын еді, – деді Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жайық Мұңсызбаев.

Қарияларды мазалаған мәселелердің қатарында Қ.Сәтбаев атындағы оқу грантын тағайындау, қыздың тәрбиесіне көптеп көңіл бөлу, мешіт жанынан әйелдер кеңесін құру сынды тілектер болды. Қала басшысы ақсақалдар көкейінде жүрген ұсыныстарды жазып алып, іске асыруға құлықты екендігін айтты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет Олжас Батырбековтікі.

Комментарии закрыты.