Ұлы даланың ұлық мерекесі

Еліміздің ұлттық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында салтанатты жиын болып өтті. Біртұтас елдіктің, ынтымақ пен татулықтың мерекесінде қала дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

Салтанатты шараға ел дамуына елеулі үлесін қосып, қоғамдық өмірге белсене қатысқан азаматтар жиналды. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов құттықтауында тәуелсіздік алған ширек ғасыр аралығында асқан асу мен бағындырған белестерді шолып өтті. 27 жылда дала мен қаланы қатар гүлдендірген қуатты мемлекетке, салиқалы саясатын жүргізген ұлағатты ұлтқа, шекараны шегендеген мығым елге айналғандығына тоқталды.
– Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық қиын жолдармен жүріп өтті. Тағылымы мол тарихымыз сонау сақ дәуіріндегі бабалар тұсындағы ұлы қазақ хандығы кезеңіндегі ұлтымыздың ұлы күрестерінің куәсі. Бұл – біздің өткеніміз, бұл – біздің тағдырымыз. Расында да, Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен ерлік қай халық үшін дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады, –деп, бірқатар азаматқа Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.

Атап айтқанда, мұндай марапатқа «НұрТрансСәт» ЖШС басшысының орынбасары Марат Балма­ғамбетов, «Сәтбаев қалалық табиғи және жеміс-жидек сусындар зауыты» ЖШС басшысы Лариса Булавская, қалалық «Шарайна» газетінің директоры Нурия Ильясова, «Сәт Тазалық» ЖШС учаске басшысы Айгүл Қапарова, Есқұла суқоймасы учаскесінің машинисі Бейсенбек Қонысов, №16 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Орынбасар Мұхамбетжанова, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық №1 аурухананың дәрігер-эпидемиологы Асылхан Шолтаманова ие болды.
ҚР Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарлығы бойынша «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов «Астана – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, жиналғандардың қошеметіне бөленді.

Одан кейін сахна төріне Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасына лайық деп танылған азаматтар шықты. Бұл жетістікке №14 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Меруерт Ғабдусәттар, қалалық әкімшіліктің құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Эльмира Жанпейсова, ҚР Қарулы Күштерінің зейнеткері Мұхтар Жарылғапов, қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтанбек Ешмаханов, «Казахинстрах» АҚ филиал директоры Нұрлан Мағзұмов, «Макс-М» ЖШС басшысы Мақсат Мағзұмов, Сәтбаев индустриалдық колледждің оқытушысы Қадиша Масатова, пробация қызметінің инспекторы Мақсат Нұркеев жетті. Марапат қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін берілді.

Салтанатты жиында Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук те құттықтауын қазақ тілінде жеткізіп, еліміздің болашағы баянды болсын деген тілегін жеткізді. Татьяна Ивановна еселі еңбек етіп жатқан бірқатар еңбеккерге Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасын табыстады. Грамотаға «Сәт Тазалық» ЖШС қызметкері Қабылғазы Ажимов, қалалық индустриалдық колледждің өндірістік оқыту шебері Раушан Бекмағанбетова, «Шарайна» газеті редакциясының әрлеушісі Мереке Дәулетбаева, пробация қызметінің инспекторы Жақсылық Оразов, «НұрТрансСәт» ЖШС бас есепшісі Любовь Шаблий, «Қорғау қызметі» ЖШС сақшысы Наиль Яльмурзин қол жеткізді. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмурзаева ҚР орталық сайлау комиссиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын соңында көрерменге концерттік бағдарлама ұсынылып, ел еңсесін тіктейтін патриоттық әндер орындалды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет Олжас Батырбековтікі.

Комментарии закрыты.