Бірлескен істе береке бар

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиеваның төрағалық етуімен қалалық әлеуметтік қарым-қатынас жөніндегі үш жақты келісім комиссиясының жоспарлы отырысы өтті. Оған аталмыш комиссияның мүшелері, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібінде «Атқарушы органдар мен кәсіподақтардың қарым-қатынасын нығайту, сондай-ақ әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды дайындауға және жүзеге асыруға бірлесіп қатысу» және «Өндіріс нарығында және тауарлар мен қызметті жүзеге асыруда әділетсіз бәсекелестікке жол бермеу» туралы екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша білім және ғылым қызметкерлері Сәтбаев қалалық кәсіподағының төрайымы Гүлнар Ильясова баяндама жасап, Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев мәлімет берді.

– Бүгінгі таңда Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы өз құрамында 246 бастауыш кәсіподақ ұйымды, 9 қалалық және аудандық кеңестерді, атап айтқанда Балқаш, Қаражал, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ақтоғай, Шет, Ағадыр, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, яғни бұрынғы Жезқазған облысының басын біріктіріп отыр.

Олардың қатарында 20 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері, оның ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің 4513 студенттері бар. Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы – ірі қоғамдық ұйым.

Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы мұғалімдердің мұң-мұқтажын, әлеуметтік жағдайларын жақсарту, педагогика кадрларының мәртебесін одан әрі көтеруді, барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуды, өз мүшелерінің кәсіптік мүдделері мен заңды және экономикалық құқықтарын қорғауды, денсаулығын сауықтыру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау, жәрдемақы, зейнетақы төлеу мәселелерін шешу мақсатында жұмыс істейді.

Кәсіподақ ұйымының басты бағыттарының бірі – кәсіподақ мүшелерінің, олардың балаларының сауықтырылуы мен жазғы демалысын ұйымдастыру болып табылады. 2007 жылдан бастап Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағымен өз мүшелеріне 50 пайыз жеңілдікпен Республика шипажайларына («Сарыағаш», «Көктем», «Мойылды») және «Қазақмыс» корпорациясының жергілікті профилакторияларына жолдамалар беруде. Заңға сәйкес ұстаздарымызға 2008 жылдан бастап 1 айлық жалақы сауықтыруға беріліп келеді. Балалардың жазғы демалысына да қолдау көрсетіліп, үнемі қадағалануда.

Кәсіподақ қызметінің тағы бір бағыты – кәсіподақ мүшелерін оқыту, біліктіліктерін арттыру болып табылады. Осы мақсатта аймағымыз бойынша кәсіподақ белсенділеріміз Алматы, Астана, Жезқазған қалаларында Халықаралық Білім беру ұйымы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының, Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атсалысуымен Халықаралық семинарлар мен біліктілікті көтеру курстарына қатысып, біліктіліктерін арттыруда. Халықаралық сертификаттарға ие болуда.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы атынан және өз атымнан барлық отандастарды ең асыл құндылығымыз, ұлы мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Марат Сейілбекұлы. Осыдан соң, күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай «Сарто» ЖШС басшысы, Сәтбаев қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы В.Юстус және «Сары-Арқа Нан» ЖШС директорының орынбасары Е.Есекенов мәлімдеме жасады.

Барлық сұрақтар қаралып болған соң, қалалық әлеуметтік қарым-қатынас жөніндегі комиссия өз шешімін шығарды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.