Емтихан тапсырып, сертификат алды

Қалалық мәдени-сауық орталығы жанынан ашылған мемлекеттік тілді оқыту-әдістемелік кабинеті «Сарыарқа» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс атқаруда. Соның бір дәлелі – 9 айлық жеделдете оқыту курсын 49 тыңдаушының 44-і бірінші кезеңді аяқтап, емтихан тапсырды.

Емтиханды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.Есмұрзаева, мәдени-сауық орталығының бастығы Б.Жайлаубаев, әдістемелік кабинеттің әдіскері Л.Ибраева қабылдап, білімдерін бағалаған болатын.

Дүйсенбі күні осы тыңдаушыларға курсты аяқтағаны жөнінде салтанатты түрде сертификат тапсырылды. Бұл рәсімді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Есмұрзаева жүргізіп, бітірушілерді құттықтады.

Емтиханға қатысқан 44 тыңдаушының 31-і сертификат алса, 13-ші анықтама алды. Тоғыз айда мемлекеттік тілді меңгергендердің осы тұста пікірін білген болатынбыз:

– Қазақ елінде тұрып жатқан әр ұлттың өкілі қазақ тілін меңгеруі қажет. Қазақ тілін үйрену мен үшін үлкен абырой. Осы айларда мен қазақ тілінің бай сөздік қорынан біраз сөздерді үйрендім. Біздің тіл сындыруымызға көптен-көп үлестерін қосқан кабинеттің әдіскері Л.Ибраева мен оқытушы Н.Айтбаеваға алғысымыз шексіз, – дейді Сәтбаев қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының жетекші маманы С.Сайнуллина.

– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының қарсаңында мемлекеттік тілді меңгергенім – қазақ еліне деген үлесімнің тигені деп білемін. Осы тоғыз айдың ішінде әр түрлі тақырыптарда сабақтар өтті. Әр түрлі конкурстарға қатыстық. Мемлекеттік тілді үйренуді алдағы уақытта да жалғастыра беремін, – дейді №3 кәсіби лицей басшысының орынбасары Т.Идрисова.

Үлкені бар, кішісі бар тіл үйренушілердің мемлекеттік тілге деген құрметінің ерекше екені бізді қуантты. Алдағы уақытта олар білімдерін тереңдете түсеріне сенім мол.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.