Сәтбаевта «SAURAN» бар

Қаламызда жаңадан тамақтану орны ашылды. «SAURAN» деп аталатын дәмхана-дүкен Ерден көшесі бойында орын тепкен су жаңа ғимаратта өз қызметін ұсына бастады. Шаһар жұртшылығы үшін есігін айқара ашқан дәмхананың тұсауы өткен аптада салтанатты түрде қиылды. Дәмхана иесін құттықтай барған ағайынға арнап құдайы ас та берілді.

Салтанатты ашылу шарасына қатысып, дәмхана иесінің жұмысына береке тілеген Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев жұртшылықты жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, шаһарымыздағы кәсіпкерліктің өркендеуіне көп көңіл бөлініп келе жатқанын алға тартты. Жеке кәсіпкер Шынаркүл Тәшкенбайқызының қолға алған кәсібіне сәттілік тілеп, дәмханаға құтты қадам басты.

– 1998 жылы Өзбекстаннан атажұртқа оралдық. Оралман квотасымен келіп, күнкөріс қамымен сауда жасаумен айналыса бастадым. Алғашында сауда нүктелерінен жалға орын алып жүрдім. Сөйте жүріп, жеке жер алып кәсіп ашу туралы ой келді. Халыққа тиімді бағада өзбек, шығыс тағамдарын ұсынатын дәмхана ашуды көздедім. 2005 жылы Ерден көшесі бойында жер алып қойып, ғимарат құрылысын тұрмыс жағдайына байланысты кешіктіріп 2015 жылы бастадық. Міне, соның бүгін сәтті жемісін көріп отырмыз. Кәсібімді дөңгелетуге көмектескен қала басшылығына үлкен алғыс білдіремін, – дейді дәмхана иесі Шырынкүл Әшімова ағынан жарылып.

«SAURAN» дәмханасы 50-60 орынға лайықталған. Тандыр нан пісіретін пешпен жабдықталған дәмханада әзірге 6 адам жұмыс істейді. Келешекте ғимараттың жертөлесінен халыққа тиімді бағада тауар ұсынатын дүкен де ашылмақ.

Әли МҰҢАЙТПАС.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.