Ең үздік сынып жетекшісі

Ел Тәуелсіздігінің дүбірлі тойына арналған іс-шаралардың қатары мереке жақындаған сайын көбейіп келеді. Мерейлі мереке қарсаңында білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Ең үздік сынып жетекші – 2011» байқауы өтті. Үш кезеңнен тұратын байқауға қала мектептерінің мұғалімдері қатысып, бірінші кезеңде сынып жетекшілердің құжаттары мен портфолиолары қаралса, екінші кезеңде олар №1 мектепгимназиясы мен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің қабырғасында ашық сабақ өткізді.

Бұл сыннан С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқытушысы Е.Панькова, №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Т.Давыденко, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі А.Сеилова, №7 орта мектептің ұстазы Б.Ералиева, №14 орта мектептің оқытушысы Ю.Ицкович, №15 орта мектептің мұғалімі Ә.Маймышева, №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ұстазы Г.Жүнісова, №27 орта мектептің мұғалімі Ж.Баймұханова сүрінбей өтіп, ақтық мәреге жолдама алды.

Осы сегіз мұғалімнің ішінен ең үздігін анықтау мақсатында жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ақтық мәре өтті.

«Мен және менің сыныбым», «Мен неге сынып жетекшісі болып жұмыс істеймін?» тақырыбында шығармашылық тұсаукесер, ұжымдық шығармашылық жұмыс, «Мені қызықтыратын әлемім» атты бөлімдер бойынша мұғалімдер өздерінің білімді һәм білікті екендіктерін көрсетті.

Байқаудың ақтық мәресін өнер мектебінің ұстаздары әнмен әспеттеп, күймен көмкерді. Қазылардың шешімі бойынша №19 орта мектептің мұғалімі Г.Жүнісова биылғы жылдың ең үздік сынып жетекшісі атанды. Ал, қалған қатысушылар арнайы номинациялар мен белсене қатысқандары үшін дипломмен марапатталды.

– Өскелең ұрпақты терең де сапалы біліммен сусындатып жүрген ұстаздар қауымының тәуелсіз елдің алдағы игілігі үшін қосар үлесі мол. Шығармашылық шыңдалуға әріптестермен тәжірибе алмасуда осындай байқаулардың өтуі жаңашылдыққа, ізденіске жетелейді. Сондықтан да осындай байқауды жылда өткізіп келе жатқан қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөліміне алғысымыз шексіз – дейді жеңімпаз Г.Жүнісова.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.