Әйелге дауыс көтеру де қылмыс

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотының ғимаратында судья А.Ж.Абдыкамаловтың ұйымдастыруымен «Әйелдерге қатысты кемсіту түрлерін жою туралы Конвенцияны іске асыру жөніндегі біріктірілген Ұлттық баяндаманы» жүзеге асыру бағытында «Әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған Сәтбаев қаласы мәслихатының аппарат басшысы Қ.Махамбетова, қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары А.Каримов, прокурор көмекшісі М.Көшербаев және ІІБ-нің учаскелік инспекторлары қатысты.

Жиында судья А.Абдыкамалов әйелдерге қатысты қабылданған Заңдарға тоқтала келе, жалпы қаламызда бұл бағытта атқарылған істерге тоқталды.

– Отбасында әйелге күш көрсету, қорлау, оларды әлеуметтік кемсіту белгілері қоғам өмірінің барлық саласында орын алуда. Тұрмыстық қылмыстың шығуына отбасындағы маскүнемдік, нашақорлық, жұмыссыздық және жоқшылық әсер етеді.

Осы жерде Сәтбаев қалалық сотына ағымдағы жылы әйелдердің құқығына нұқсан келтірген 2 қылмыстық істің қаралғанын айта кету қажет. Соның бірі, сотталушы Н.А. деген азамат өзінің анасы К.Д.ға нәпсіқұмарлық сипатта күш қолдану арқылы жыныстық қатынасқа түскен. Сол үшін ол ҚР ҚК-нің бірнеше баптарымен кінәлі деп танылып, 10 жыл бас бостандығынан айырылған.

2011 жылдың осы уақыт аралығында 12 әйел сотталған, бірақ бірде-бір әйел азаматтарын бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмаған.

Сонымен бірге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы зорлықзомбылық үшін жауапкершілікті көздейтін нормамен толықтырылды. Статистикалық есептерге қысқаша тоқталсақ, осы баппен 2011 жылы 344 әкімшілік іс түскен болатын, оның ішінде 199 азаматқа әкімшілік жаза қолданылса, тараптардың татуласуымен 145 іс қысқартылған.

Енді осы отбасындағы қылмыстарды зерттеп, талдап қарасақ, жәбір көрушілердің 70% бұрын некеде тұрған, кейін ажырасып кеткен әйелдер екен. Қылмыскерден жапа шегушілердің 10% оның туған анасы немесе басқа жақын туысы болып отыр. Мұндай қылмыстар ерлі-зайыптылардың ажырасуына, ата-аналық құқықтарынан айырылуына, қараусыз қалған балалар санының көбеюіне, тағы да басқа жағымсыз жағдайларға кең өріс ашады. Яғни, тұрмыстық қылмыстың қоғам үшін тигізетін зардабы орасан зор, – деді судья Амантай Жұмаділдәұлы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын одан әрі І ІБ бастығының орынбасары А.Каримов жалғастырды.

– Елбасымыз Н.Назарбаевтың нұсқауы бойынша Ішкі істер Министрінің бұйрығымен барлық облыстық, қалалық және аудандық ішкі істер органдарында әйелдерді зорлықзомбылықтан қорғау бойынша мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Олардың негізгі міндеттері – әйелдердің конституциялық құқығы, бостандығы және заңды мүдделерін құқыққа қарсы іс-әрекеттерден қорғау болып табылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында елімізде «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң күшіне енді. Заңда «Қорғау нұсқамасы» ұғымы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасының бірі ретінде енгізілген.

Яғни, жақындарына қауіп төндіретін адамдарға 10 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылады. Енді әйелге қол жұмсамақ түгілі, дауыс көтергеннің өзі де жауапқа тартылады. Қорғау нұсқамасын бұзған адамға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Қорытындылай келе айтқым келетіні, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау – адам құқығы мен бостандығын бұзудың ең өрескел түрі, – деді Аманжол Бақытжанұлы. Қалалық соттың судьясы А.Абдыкамалов қандай да қылмыстың 99% алкогольді ішімдіктің себептерімен болатындығын айта келе, қылмыстардың алдын алуда салауатты өмір салтын насихаттау, адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселесін дұрыс шешудің маңызы зор екенін жеткізді.

Дөңгелек үстелге қатысқан әрбір маман осы тақырыпта өз ойлары мен пікірлерін жеткізді. Сөз соңында А.Абдыкамалов барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.