Ұлағатты тұлғалар жайлы деректі фильм

Желтоқсанның 9 күні «20 жұлдызды күн – Тәуелсіздіктің 20 шыңы» акциясы аясында 20 жылда ерекше еңбегімен ел аузына ілінген ұлағатты тұлғалар жайында «Тәуелсіз Қазақстан – менің мақтанышым» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Сәтбаев қаласы әкім аппараты ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Дидар» телеарнасы дайындаған деректі фильмнің мазмұны – қаланың өсіпөркендеуіне, мәдениетіне қалтқысыз қызмет еткен айтулы тұлғалары туралы сыр шерту.

Бұл салтанатты жиынға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары А.Ким, қаланың Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, ұстаздар қатысты.

Даналық – адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілімбілімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой-пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс-әрекет түрінде жеткізе білетін адам қасиеті. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, оны жас буынға дұрыс жеткізе білетін қаламыздың ең үздік 15 азаматының өмірбаяны осы фильмнің негізін құрады. Олар – Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары М.Аханов, Ш.Байбосынов, А.Тұрлыбек, М.Громак, М.Бекмағанбетова, Ж.Күнеділов, Ш.Жанасылова, Р.Кантеева, Р.Бурда, «Социалистік еңбек Ері» атағының иегерлері Ф.Лукинский мен Д.Баймағамбетов, қалалық емхананың директоры Ә.Қоңырова, Спорттық сауықтыру кешенінің директоры Ю.Апарин, татар-башқұрт ұлттық орталығының төрайымы Р.Абузярова, орыс ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Т.Хмилярчук.

Қала әкімінің орынбасары А.Ким мерекелік іс-шараны тамашалаған барша қауымды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтағаннан кейін деректі фильмнің басты кейіпкерлеріне салтанатты түрде «Ұлағатты тұлға» лентасын тағып, бағалы сыйлықтар тапсырды. «Нұрбөбек» балабақшасының бүлдіршіндері өздерінің жүрекжарды тілектерін өлең жолдарымен жеткізіп, ардақты жандарға гүл шоқтарын ұсынды. Ал Жезқазған қаласынан арнайы шақырылған Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері әсем әндерімен кештің сәнін келтіре түсті.

Жиын барысында «Ұлағатты тұлға» атағын иеленген бірқатар ардақты азаматтар өздеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдірді.

Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімі мен Жезқазған қаласының «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің бірлесіп үлкен жауапкершілікпен жоғары деңгейде өткізген бұл іс-шара «Жаса, Қазақстан!» әнімен аяқталды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.