Ұлы мерекеге арналды

Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай және Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен медиа-жоспарды іске асыру мақсатында басқарма қызметкерлерімен отырыс өткізілді.

Басқарма бастығы Б.Шәкенов қызметкерлерді келе жатқан ұлы мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтап, отырыстың күн тәртібімен таныстырды.

Басқарма қызметкері З.Есенбекова «Тәуелсіздік – ел тілегі» тақырыпта баяндама жасап, осы 20 жыл бойы жеткен жетістіктер мен айқын жеңістерге тоқталды. – Бүгінгі Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге өзін мойындатты, аз ғана уақытта егемен ел болудың өзіндік жолын таңдай алды. Елбасымыздың белгілеп берген мақсат-міндеттерінің арқасында көп жетістіктерге қол жеткіздік. Елорданы ауыстыру, ядролық қарудан бас тарту, 2030 Стратегиясын қабылдау, Ұлттық қор құру сияқты әртүрлі интеграциялық бастамалар жүзеге асырылды.

Бұл қазіргі кезде халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруынан айқын көрініп отыр. Биылғы айтулы оқиғалар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы, Елорда күні, Конституция күні Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты ерекше тойланып өтті. Салтанатты оқиғалардың шарықтау шегі – 16-шы желтоқсанда өтетін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған үлкен салтанатты мерекеге ұласады. Ең бастысы, әрбір қазақстандық азамат мерекелік көңіл күйді бастан кешіп, ел өміріндегі айтулы оқиғаға өзінің де қатысы барын сезінуі тиіс. Сондықтан осы айтулы мерекеге баршамыз белсене қатысуымыз қажет, – деді баяндамашы.

Отырыстың ресми бөлімінен соң, қызметкерлер арасында «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысы өткізілді.

Сайысқа қатысушылар Туған жер, Отан, Тіл тақырыптарында мақал-мәтелдер айтудан жарысты. Қазақтың мақалмәтелдерін айту арқылы операциялық топтың бас қазынашылары Г.Әбдікәрімова, О.Қалиева туған жер, ел жайлы мақалдарды көп білетіндіктерін ғана емес, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін көрсете білді. Сайыстың екінші жартысында басқарма қызметкерлері патриоттық әндер айтудан өнерлерін ортаға салды. Бас қазынашы О.Шадринова көрермендерді «Қазақ жігіттері» әнімен таң қалдырды.

Сайыс соңында Бейбіт Шәкенов жеңімпаздарды марапаттап, қатысушыларға алғысын білдірді.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.