Қорқақ хоккей ойнамайды

«Қазақстан» спорттық кешенінің жанынан құрылған «Сәтбаевтық көкжалдар» командасы құрамында табысты өнер көрсетіп жүрген Ерасыл Қанатбек спортқа бала кезінен жақын. Жетістігі аз емес.

№4 Абай атындағы мектеп-лицейінің үшінші сыныбында озат оқушылар қатарын толықтырып жүрген ол бос уақытын мұз үстінде өткізеді. 2009-2010 жылғы жасөспірімдерден құралған команда сапында күміс, қола медальдарды еншілеп үлгерді.
– Төзімділікті арттырып, физикалық тұрғыдан мықты ете түсетін шайбалы хоккей командалық ойындардың ішінде қимыл-қозғалысының көптігімен айырықша. Сол себепті, балғын хоккейшінің жүрек бұлшықеті мен буыны берік болады. Ұл бала өзін қорғай алсын десеңіз, еш ойланбай хоккейге беру керек. Сонымен қатар, реакция жылдамдығы футбошылармен салыстырғанда хоккейшілерде жоғары. Бала тек шапшаң қимылдап қоймай, санаулы секундта шешім шығарып үйренеді. Біздің Ерасылдың бойынан осы қарым-қабілеттің барлығы табылады. Болашағы жарқын боларына сенемін, – дейді жаттықтырушысы Егор Сергеев.
Спортқа деген қызығушылығы ерекше басым Ерасыл үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Денсаулығы да жақсарған.
– Отбасы мүшелері менің үнемі спортпен айналысуымды қалайды. Күнде тәңертең ерте тұрып, «Балапан» телеарнасымен бірге түрлі жаттығулар жасаймын. Аптасына үш рет «хоккей» спорттық секциясына барамын. Нақты қозғалыс нәтижесінде ең бастысы адамның кординациясы, барлық қабілет-қасиеті қалыптасады ғой. Қорқақ болсаң, хоккейге келудің қажеті жоқ. Себебі, шайба үшін төбелес болып кетуі де мүмкін. Осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге жеттім, бұйыртса әлі де жетемін деген ойдамын. Құрдастарымды хоккеймен айналысуға шақырамын, – деген Ерасылдың болашақта әлемдік ареналарды бағындырған шебер спортшы болғысы келеді. Оған күмән жоқ.

Мира ШАХАТ.

Комментарии закрыты.