Он спортшының олжасы

Өткен аптада қаламыздың жас боксшылары ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмас Асановты еске алуға арналған республикалық турнирде жүлделі орындарға ие болып, қала мерейін тасытты. Олимпиадалық резервтегі жасөспірімдер спорт мектебінің 10 тәрбиеленушісі Жезқазған қаласында өткен жарыстың жүлдегері атанды.

27-31 қаңтар аралығында өткен бокс турнирі ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия Чемпионатының қола жүлдегері Алмас Асановты еске алу құрметіне арналды. Алғаш рет Жезқазғанда жалауын түрген республикалық жарыс 2005-2006 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы үздіктерді анықтады. Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қарағанды облысының, Степногорск қаласының жас боксшылары қолғап түйістірген турнирде жерлестеріміз оқ бойы оза шығуға талпынып, үздіктер қатарынан көрінді. Асхат Иманалиев (44 келі), Расул Вахитов (54 келі), Дидар Тұрашбек (+70 келі) жүлделі І орынды иеленсе, сан түрлі салмақта өнер көрсеткен Мирас Сапар, Ерасыл Кәрібай, Сүлейман Қуанышбай, Нұржас Джадигеров, Ерасыл Сүйіндік, Талғат Дәрібай, Нұрғиса Болат сынды спортшылар үшінші орынды місе тұтты. Есеркен Түсіпов, Сұлтан Жұмабек, Марғұлан Дүйсембаев, Ерболат Тортаев сынды бокс бөлімінің бапкер-жаттықтырушыларының шәкірттерінің талабын шыңдаудағы еңбегі зор.

Әли МҰҢАЙТПАС.

Комментарии закрыты.