Жарайсыңдар, жігіттер!

Қараша айының соңғы күндері Приозерск қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған 1995-96, 1997-98 және 1990-2000 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан турнир өткізілді.

Бұл жарысқа Жамбыл, Теміртау, Балқаш және Сәтбаев қалаларының спортшылары қатысып, шеберліктерін көрсетіп қайтты.

– Алып барған сегіз боксерлеріміздің алтауы жүлделі орындармен оралды. Әсет Алпысбаев пен Арман Әшімбай 46 және 40 кг салмақ дәрежесінде I-ші орынды жеңіп алса, Жанат Тушенов 38 кг салмақ дәрежесінде II-ші орынды иеленді. Ал, Марғұлан Ақылбеков, Өтеген Жанбаев, Асхат Еркінов III-ші орындарды қанжығаларына байлады, – дейді спорт мектебінің жаттықтырушысы Жұмабек Сұлтан.

Бұл спортшыларымыздың барлығы да №2 орта мектептің оқушылары. Қаламызда бокс спортын дамытып, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қол жеткен жетістіктері – еліміздің 20 жылдығына қосқан тартулары.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.