Сайлауалды науқан басталды

Алдағы жылы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтетіні белгілі. Оған қатысатын сегіз партия сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп те кетті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланған күні біздің қаламызда да «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Сәтбаев қалалық штабы өз жұмысын бастады.

Штабтың негізгі міндеті – «Нұр Отан» партиясының үгіт-насихат жұмысын ұйымдастыру, партияның сенімді өкілдерінің, партия атынан қалалық, облыстық мәслихаттарға сайлауға түсетін кандидаттардың сайлауалды жұмысын үйлестіру.

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық сайлауалды штабтың төрағасы – Г.Есмұрзаева. Штаб құрамында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік нысандар қызметін бақылау жөніндегі аймақтық бөлім бастығының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары Е.Есетов, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаев және партия белсенділері бар.

Сайлауалды штабтың отырысын ашқан Г.Есмұрзаева сайлау науқанының дәл 16 желтоқсан күні басталғанына ерекше назар аударып, үгіт-насихат жұмыстарына қатысты өз ойын ортаға салды.

– Басқа саяси бірлестіктер секілді «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы да үгіт-насихат жұмыстарын қолға алды. Алдымызда үлкен жауапкершілікті талап ететін саяси науқан тұр. Біз өз жұмысымызда сайлау туралы заң талаптарын басшылыққа ала отырып, оларды қатаң сақтауымыз қажет. Сонымен бірге бүгіннен бастап «Нұр Отан» ХДП-ның қоғамдық қабылдау бөлімі де өз жұмысын бастады. Оған келген қаламыздың кез келген тұрғыны өздерін толғандырған көкейтесті мәселелерді алға тартып, сұрақтарына жан-жақты жауап ала алады, – деді Гүлсім Пазылқызы.

Қалалық сайлауалды штаб Наурыз көшесі, 148 үйдің оң қанатында, «Нұр Отан» ХДП-ның ғимаратында орналасқан.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.