Сот жұмысы жеңілдеуде

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотының төрағасы Ерлан Сексенов өткен жылдың он екі айында қаралған азаматтық-қылмыстық, әкім­шілік істерді қоры­тындылады. Соны­­мен қатар, сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтармен таныстырды.

Айтуынша, қылмыстық істер бойынша осы уақыт аралығында 323 тұлғаға қатысты 281 қылмыстық іс түскен. 323 тұлғаға қатысты 180 қылмыстық іс аяқталды. Оның ішінде 203 тұлғаға қатысты 180 іс бойыншы үкім шығарылып, 100 тұлғаға қатысты 87 іс қысқартылды. Іздеу салуға байланысты 11 іс прокурорға қайтарылды.
Әкімшілік 1132 іс келіп түскен. 1002 тұлғаға әкімшілік жаза тағайындалып, 12-і қайтарылды. Айыппұлға қатысты 475 істің 32-і ескертумен, 255-і көлік жүргізу куәлігінен айырумен, 186-і әкімшілік қамақпен, 12-і тәрбиелік шара қолданумен аяқталды.
Есеп беру барысында сот төрағасы сот жұмысын жеңілдету барысында жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды. Бұдан былай азаматтарға сот процесіне қатысу үшін келудің қажеті жоқ. Цифрландыру бағдарламасы арқылы кез келген жерден онлайн қосылуға болады. Жаңа жүйенің артықшылығы мен ұтымды тұсы туралы баяндаған Е.Сексенов ұялы телефоны арқылы «True Conf» бағдарламасына тіркелу қажеттігін жеткізді.
Бұл жүйе арқылы азаматтар ең алдымен уақытын
үнемдейді. Тек Қазақстан емес, әлемнің кез келген түкпірінен сот залына тікелей қосылуға мүмкіндік бар. Іс қаралып жатқан кез келген тарап мүмкіндікті пайдалана алады. Бұл жүйе алыс аймақтарда тұратындар үшін өте ыңғайлы болып отыр, – дейді ол.
Бүгінде қалалық сотта виртуалдық процесс өткізуге мүмкіндік бар. Кез келген азамат өзі қатысқан процестің көшірмесін бір жылдың көлемінде ала алады. Жаңашылдықтың оң өзгерістерге бастайтыны сөзсіз.
Цифрлы Қазақстан бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқан жобалардың ішінде «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі де өз нәтижесін беруде. Азаматтар шағымын немесе өзіне қатысты кез-келген ақпаратты интернет арқылы көре алады. Ендігі таңда электронды сот жүйесі бойынша сыбайлас жемқорлық пен заңбұзушылықтар деңгейі азая түспек. Себебі, сот процесінде жазылған аудио және бейнежазбалардың барлығы Жоғары сотқа жіберіледі.

Комментарии закрыты.