Жиынның көздегені – халық денсаулығын жақсарту

Қазіргі уақытта жұртшылықтың денсаулық сақтау саласына сын көзімен қарайтыны жасырын емес. Көпшіліктің көңілін алаңдататын жайттар өткен аптада Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранованың жергілікті журналистермен кездесуі кезінде талқыға салынып, халық денсаулығын жақсарту бағытындағы жүйелі жоспарлар таныстырылды.

Баспасөз брифингіне Жезқазған және Сәтбаев қалаларының БАҚ өкілдері мен қос шаһардағы емдеу мекемелерінің басшылары қатысты.
Кездесу барысында Ләззат Ранова баяндама жасап, биылғы жылы аймақ медицинасында атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Жезқазған қаласында күніне 250 науқасты қабылдауға қауқарлы консультативті-диагностикалық орталық ашылатынын хабардар етті. Орталық аясында бактериологиялық зертхана жұмысы зерделенбек.
– Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында биыл соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған кеңес беру-диагностикалық орталығы ашылады. Орталық лор-комбайн, видеоколоноскоп, жүгіртпе жолағы бар ЭКГ, маммографиялық қондырғы, сандық рентген аппараты, сандық флюорография, артериялық қысымды холтер-мониторлау сынды медициналық құрылғылармен жабдықталады. Бұл науқастардың дерттерін алғашқы сатысында анықтауға және жедел түрде ем қабылдатуға мүмкіндік береді. Ал, бактериологиялық зертханада құлақ, мұрын және ауыз қуысындағы патологиялар анықталатын болады. 2019 жылдың еншісінде тағы сараптаманың 150 түрін анықтайтын гематологиялық және биохимиялық анализаторлармен жабдықтау жоспарлануда, – деді Ләззат Нәбиқызы.
Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Сәтбаев қаласында гемодиализ орталығы мен қалалық емханада амбулаторлық хирургия, жарақаттану бөлімі ашылатын болады. Сондай-ақ, бірқатар денсаулық сақтау мекемелері күрделі жөндеуден өтпек. Атап айтқанда, Жезқазған қалалық емханасы, облыстық наркологиялық диспансердің жергілікті бөлімшесі, ЖИТС орталығы, Сәтбаевтағы орталық ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Аймақта кадр жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселеге тоқталған Ләззат Ранова облыс басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасына сай, Жезқазған аймағына жас мамандарды тарту мақсатында резидентураға 10 грант бөлінгенін атап өтті. Оларды тұрғын-үймен қамтамасыз ету үшін баспана мәселесі ретке келтірілген.
– 2018 жылы аймағымызға білікті, жоғары білімі бар 18 жас маман келді. Қазіргі таңда солардың 13-і акушер-гинеколог, анестезиолог, неонатолог, травматолог, лор, онколог дәрігерлері болып медициналық мекемелерде жұмысын жалғастырып жатыр. Бізде әлі де кадр тапшылығы сезіледі. 12 мамандық бойынша жетіспеушілік байқалады. Әсіресе, акушер-гинеколог, неонатолог, педиатр мамандар қажет-ақ, – деді Ләззат Ранова.
Жиында аймақ тұрғындарын титықтатқан мәселелердің бірі Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталықтың шаһардың орталық ауруханасына көшірілуі сөз болды. Аймақтық өкілдік басшысы бұл өзгеріс ана мен бала өміріне қауіп төндірмес үшін, дәрігерлердің дер кезінде көмекке келуі үшін бағытталғанын ескертті. Шара соңында БАҚ өкілдері толғандырған сұрақтарды қойып, маңызды сұрақтарға жауап алды.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.