Бас жүлде Ботагөзде

Республикалық «Шашу» өнер фестивалі талай таланттың танылуына жағдай жасап, жас дарындардың жолын ашып берді десе де болғандай. Жуырда сол өнер додасы қаламыздағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайын дүбірге бөледі. Хореография, вокал, аспапты жанрдың үздіктерін анықтаған байқаудың бас жүлде иегерлеріне Түркия елінде өтетін фестивальға жолдама берілсе, жүлделі орыннан көрінген жүйріктер Астанада аталмыш жарыстың халықаралық деңгейдегі сайысына тегін қатысу құқығына ие болды.

Ботагөз Кәрім – болашағынан зор үміт күттіретін жас дарын. Ән байқауларынан алған жүлделері бір бөлек. Енді сол марапаттардың қатарына аталған фестивальдің бас жүлдесін қосып отыр. №16 жалпы білім беретін мектептің оқушысы «Шашуда» алдына жан салмай, шашасына шаң жұқтырмаған. Өзінің жас санатында үздік өнер көрсетіп, 50 өнерпаздың ішінде топ жарған өрен Түркияның Анталья қаласында өтетін халықаралық «IAF» өнер фестиваліне 50 пайыз жеңілдікпен қатысу мүмкіндігін иеленді.

– Көпбалалы ана ретінде балаларымның жеткен әрбір жетістігіне шын қуанамын. Осы байқауға қос балам қатысты. Екеуі де жүлдесіз қалмады. Енді Ботагөзімнің шет елден де жүлдесіз қайтпайтынына сенімдімін. Өйткені, оны талай дарынды тәрбиелеп шығарған Айнагүл Жұмашқызы дайындап жатқан жайы бар. Осы жарысқа қатысуға қаржылай қолдау көрсеткен мектеп ұжымына, атап айтқанда білім ордасының басшысы Қайрат Смайловқа, Айнагүл Күлшікеноваға, Гүлжан Кәбиқызына шексіз алғысымды білдіргім келеді, – дейді Ботагөздің анасы Гүлзада Қышанбаева.

Қазір Ботагөз мамыр айында өтетін халықаралық фестивальге дайындық үстінде. Үкілеген үмітті ақтау үшін бар ынта-жігерін жұмсауда. Біз де жас өнерпаздың абыройлы өнер көрсетуіне тілектеспіз.

Н.ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.