Қоғамдық талқылау өтті

Қаламыздағы коттедждер қалашығы «Байқоныс» шағынауданы деп аталып, ондағы көшелерге атаулар берілді. Осы бағытта қаламыздағы №9 мектепте қоғамдық талқылау болып өтті.

Қалалық мәслихаттың мұрындық болуымен өткен талқылауға қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар қатысты. Онда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш жаңа шағынаудандағы көшелердің атауларын ұсынды.
Орайы келгенде айта кетейік, бұл мәселе бұған дейін де қаламыздағы ардагерлер алқасының талқысына түсіп, 8 көшенің атауы нақтыланған болатын. Бөлім басшысы сол белгіленген атауларды тағы бір рет саралап шықты.
– Ақсақалдардың ұйғарымы бойынша шағынаудан «Байқоныс» деп аталды. Мұндағы «бай» дәулетті әлеуметтік топ десек, «қоныс» көшпенділер дүниетанымындағы киелі мекен. Ендеше шағынаудан тұрғындары шұрайлы, қолайлы жерде дәулетті тұрсын деген ырыммен қойылып отырғанын тәптіштеп жатудың өзі артық, – дей келіп, Қанат Жәнділдаұлы сегіз көше иеленетін Кейкі батыр, Арғанаты, Кетбұқа, Едіге батыр, Жұмабек Тәшенов, Александр Затаевич, Жамбыл Жабаев Төлек батыр деген атауларды тізбектеп шықты.
Қоғамдық талқылауға жиналған жұртшылық күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойларын да білдірді. Бірі көшеге өндіріске қатысы бар белгілі тұлғалардың есімі берілсе десе, енді бірі Қазақстанның барлық аймақтарындағы елді мекендерде кездесетін тұлғалардан гөрі Жезқазған-Ұлытау аймағына танымал азаматтардың есімдерін жаңғыртқан дұрыс деген ұсыныстарын айтты.
Қоғамдық талқылаудың мақсаты – көпшілікті тыңдау. Мұнда айтылған ұсыныстар бұдан әрі облыстық ономастикалық комиссия құзырына ұсынылады. Онда тағы сараланып барып, депутаттар қарауына жіберіледі.

Аманкелді АҚШАЛ.

Комментарии закрыты.