Қоғамдық қабылдау өткізді

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау қызметі партия құрылған уақыттан бері өзіне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Бұл уақыт ішінде қала тұрғындары өздерінің әлеуметтік, құқықтық, жеке мәселелерімен де келіп, партиядан көмек сұрады.

Алғашқы уақыттарда қоғамдық қабылдауды қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары мен қалалық мәслихат депутаттары өткізетін. Халықтың мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізіп, оның оң шешілуіне де осы депутаттар ықпал ететін. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де аз болған жоқ, әрине. Соның бір көрінісі, соңғы жылдары қоғамдық қабылдауға келушілердің де, шешілген мәселелердің де саны артқан. Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауды бұрынғыдай депутаттар мен төраға орынбасары емес, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары да өткізетіні бұл бағыттағы жұмыстың жандана түсуіне сеп болды. Бұл тұрғындар мен басшылар арасында тікелей байланыс орнауына жол ашып, партияға деген халықтың сенімінің арта түскенін дәлелдеп отыр.

Жуырда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінде қала прокурорының орынбасары Нұрлан Досболов, қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Жалғас Жүнісов, Сәтбаев қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ербол Байғазиев, қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жадыра Сейлова, қалалық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Асемгул Рахымбек, Сәтбаев қалалық қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Гаухар Жалмурзина, облыстық мәслихаттың депутаты Еркін Жұмабеков қала тұрғындарын арыз-шағымдары бойынша қабылдады.

Қабылдауға келгендер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, шағымдарын айтты. Оған арнайы келген жауапты тұлғалар мүмкіндігінше нақтылы жауаптар беріп, мәселені шешу жолдарын түсіндірді, азаматтардың арыздарын қабылдады.

Мысалға, осы қабылдауға келген Виктор Мартынюктің бүгінгі күні баспанасы болмай шықты. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын алаяқтардың арбауына түсіп, Жезқазған қаласынан Крестовский елді мекеніне амалсыздан қоныс аударған екен. Енді бүгінгі көші-қон уақытында ол баспанасыз қалған. В.Мартынюкке «Нұрлы мекен» шағынауданынан берілетін үй басқа біреудің атына жазылған сияқты. Мәселе қала прокурорының назарына алынды.

Қаламызда дәмханалардың көбейгені бір жағынан жақсы болса, енді бір жағынан тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. Бұл әсіресе кәуепханаларға тиесілі болып отыр. Қоғамдық қабылдауға келген Тәуелсіздік даңғылында тұратын Сұлтан Джаксыбеков өзі тұратын үйдің төменгі қабатында орын тепкен «Каспий» кафесіндегі кәуеп пісіру орнынан шыққан ыс пен түтіннен тұншығып жатқандарын жеткізді. Бұл бағытта Сұлтан Борисович бұған дейін де құзырлы орындарға шағым жасаған екен. Алайда, одан әлі қорытынды жоқ. Құзырлы орындар өз тараптарынан шара қолданып, істі сотқа берген. Енді соттың шешімін күтіп отыр. Шағым иесі бұл іске бас партия тарапынан да бақылау болғанын қалайды.

Бұл күні қоғамдық қабылдауға 10 адам келіп, әлеуметтік жағдайлар мен еңбек заңнамасы аясында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, көңілге қонарлық жауаптар алды.

Аманкелді АҚШАЛ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.