Жауынгер-интернационалистермен кездесті

Сейсенбі күні Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық тізімі бойынша кандидаттар Арман Қожахметов пен Ерлан Қошанов қаламыздың жауынгер-интернационалистерімен «Ерліктеріңіз мәңгі есте сақталады» тақырыбында кездесу өткізді.

Оған «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ауғанстан ардагерлері одағының төрағасы Б.Дүйсенов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық сайлауалды штабының қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, олардың сенімді өкілдері және «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – «Нұр Отан» ХДП-ның сайлауалды тұғырнамасын қала тұрғындарының арасында насихаттау және жауынгер-интернационалистермен бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу.

Жиын Ауған жерінде қыршын кеткен жауынгерлерді бір минут үнсіз еске алудан басталды.

Сөз кезегінде Ж.Дәрібаев қатысушыларға кандидаттардың өмірбаяны жайлы мәліметтер берді. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Е.Қошанов пен А.Қожахметов сәтбаевтықтарға өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Ел Президентінің салиқалы саясатының нәтижесінде Отанымыз 20 жыл ішінде толағай табыстарға жетті. Біздің партиямызды Елбасымыз Н.Назарбаев бастап келеді. Қазіргі таңда партия халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында өте ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруды қолға алуда. Барлық көрсеткіштер бойынша «Нұр Отан» ХДП әрқашан алдына қойған мақсаттарына жетуде және халыққа Берген уәделерін орындауда, – деді Арман Төлешұлы.

Кездесу барысында бірқатар азаматтар өз ой-пікірлерімен бөлісті. Соның ішінде жауынгер-интернационалист С.Қайранбеков, қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар Ж.Күнеділов пен С.Орал, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Т.Тлемісовтың сенімді өкілі Қ.Досматов және т.б. болды.

Жиында кандидаттар сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жанжақты жауап беріп, олардың айтқан тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.