Мадияр – СПОРТ ШЕБЕРІ

Қоян жылы біздің спортшыларымыз үшін өте табысты жыл болды. Өткен жылдың соңғы жетістіктерінің бірі – Мадияр Жанұзақтың спорт шебері атағын алуы. Бұл – Сәтбаев қаласында алғаш рет 16 жасында осындай дәрежеге жеткен боксшы.

Жақында Мадияр республикалық чемпионаттан оралды. Қазақстан Республикасының туризм және спорт Министрлігінің спорт комитеті ұйымдастырған жарыс қараша айының 12-19 аралығында Тараз қаласында өтті. Қазақстанның барлық облыстарынан келген былғары қолғап шеберлері арасында біздің Мадиярдың мерейі үстем болды.

– Бірінші күні алматылық боксшымен шығып, айқын басымдықпен таза жеңіске жеттім. Келесі жекпе-жекте өскемендікті 9 ұпаймен жеңдім. Жартылай финалда оралдық қарсыласымды ұтып, ақтық бәсекеге жолдама алдым. Сөйтіп, финалдық қарымта кездесуде семейлік боксшымен шығып, жеңдім, – дейді жас спортшы.

Мадияр Жанұзақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бокстан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында 52 кг салмақ дәрежесінде І-дәрежелі диплом мен медаль алып, Сәтбаев қаласының атын шығарып келді. Осыған дейін Мадияр Украинаның Белоцерковь қаласындағы Халықаралық жарысқа қатысып қайтқан-ды. Қазақстан құрама командасымен Баку қаласында өткен додаға қатысып, бірінші күні Европаның екі дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері, украиналық Игорь Милянюкті жеңіп, екінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан ұтылып қалды.

Мадияр туралы қысқаша айта кетсек, 7 сыныпқа дейін №27 орта мектепте оқыды, қазір Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатта оқып жүр.

Жаттықтырушылары – Сәтбаев қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мемлекеттік мекемесінен Жандос Тулебаев болса, Астанадан – Марат Макашов. Мадиярдың әкесі Жақсылық Құлназаров – кенші, анасы Анар қатардағы жұмыскер.

Қарапайым отбасынан шыққан жас спортшымыздың алар биігі әлі алда деп білеміз және соған тілектеспіз.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.