Есте қалар кеш сыйлады

Халқымызда «Қуантсаң балаңды қуант» деген сөз бар. Осы сөздің мәніне жете көңіл аударған мекемелер мен ұйымдар салтанатты мерекелерде мүгедек балаларды назардан тыс қалдырған емес. Солардың қатарында қаламыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, оның жанынан құрылған мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету орталығы бар.

Жылдың соңғы аптасында қалалық әкімдіктің қолдауымен бөлім қызметкерлері Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына арналған жаңажылдық бағдарлама ұйымдастырды.

Орталықтағы жүз отыз баланың және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының жиырма бір баласы «Нұрлы үміт» қоғамының демеушілігімен Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы театр әртістерінің жаңажылдық қойылымын тамашалады. Ұйымдастырушылар балаларға сый-сияпатын көрсетіп, естен кетпес кеш сыйлады. Жаңажылдық шыршаны тамашалауға келген балалар көтеріңкі көңіл-күйде ризашылықпен тарқасты.

Бұл күні орталықтың тәрбиешілері «Нұрлы жүрек» қоғамының демеуімен үй аралап, мүмкіндігі шектеулі балаларды құттықтап, сыйлықтарын тапсырды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.