АИТВ – үкім емес

Елімізде АИТВ (ВИЧ) жұқпасын жұқтырғандар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Адам ағзасы өз иммунитетінің арқасында түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрады. Осы иммундық жүйе әлсіреген кезде адамда небір ауру түрлері дамуы мүмкін. Ал ЖИТС дерті – иммундық жүйені жоятын қауіпті дерт. Бұл – АИТВ жұқпасының әбден асқынған түрі, дерттің өлімге әкелетін соңғы сатысы.

АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың сау адамдардан айырмасы болмайды. Ауру алғаш жұққан кезде адамда тұмауға ұқсас белгілер пайда болуы мүмкін. Кейбіреулерде тіпті ешқандай да клиникалық нышан байқалмайды. Сондықтан да АИТВ анықталған науқастардың көпшілігі өз диагнозына сенбейді, тіпті, мойындамайтындары да бар. Оларды ең алдымен қорқыныш билейді. Қоғамнан аластатылып қаламын деп үрейленеді. Дертке шалдыққан адам ең бірінші өз үрейін жеңе білуі керек. АИТВ – ЖИТС-тің ең алғашқы сатысы. Оны ЖИТС-ке жеткізбеу үшін адам тұрақты түрде қан тапсырып, тексеріліп, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындап отыруы керек. Сонда ғана сырқат адамның ұзақ өмір сүруге кепілдігі бар.

АИТВ жұқтырған адамдардың құқығы сау адамдармен бірдей. Бұл ту­ралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде тайға таңба басылғандай анық жа­зылған. Оларды сырқаты үшін шет­тетуге, жұмыстан шығаруға, қыз­метке алмай қоюға, ортадан алас­татуға, мектептен шығарып жібе­руге ешкімнің де құқысы жоқ. Олар да ел қатарлы білім алып, жұмыс істеу­ге хақысы бар.

АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып жүр. Соған қарамастан осы сырқатқа шалдыққандардың қатары көбейе түскен. Себебі неде? Көпшілік мұндай ақпаратқа «маған қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды. Осындай немқұрайлылық ауру­дың тара­луына бірден-бір себеп болып отыр. Біз осы күнге дейін «АИТВ жұқ­пасын есірткіқұмарлар мен жез­өкше­лер ғана жұқтырады» деген жаң­сақ ойдан арыла алмай келеміз. Ста­­тис­­ти­каға көз жүгіртсек, керісін­ше, осы топтағы адамдарда АИТВ жұқ­­па­сы көп таралмаған. Өйткені, есірт­кі­құ­мар­лар, жезөкшелер дерт­тен сақтанудың жолын жақсы мең­гер­ген. Ал, басқалар қарапайым сақ­та­ну­дың жолын есіне ала бер­мейді. Сон­дықтан әр адам өзін, жақын адам­дарын ғасыр індетінен қор­ға­ғысы келсе, АИТВ-жұқпасы туралы біле жүрге­ні артық болмайды. Сонымен, бұл дерттен сақтанудың жолы қандай? Өзіңізге жете таныс емес, кездейсоқ біреумен жы­­ныс­тық қатынас жасаудан аулақ болыңыз. Біреудің қолданған шпри­цін, қырынуға арналған заттарын қол­данбаңыз. Татуировка, персинг, мани­кюр, педикюр жасатқан кезде ине­лердің, құрал-саймандардың залалсыздандырылуына ай­рықша мән беріңіз. Тіс емдетуге барған кезде де құрал-сай­мандардың тазалығын қадағалау­ды ұмытпаңыз. АИТВ жұқпасы: жәндіктер шақ­қанда, қол алысып құшақтасқанда, монша, ванна, бассейн, дәретхананы бірге қолданғанда, төсек-орын, ыдыс-аяқ сынды тұрмыстық заттарды бір­ге пай­даланғанда және түшкіріп, жөтелгенде жұқпайды.

Осы аурудан сақтанып, ақыл-ке­ңес алғысы келген адамдарға Жезқазған қаласында «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталы­ғының» дә­рі­герлері қол ұшын беруге әр­дайым әзір. Бұл орталықта Достас­тық кабинеті, Сенім бекеті, Психо-әлеумет­тік кеңес беру және жасырын тестілеу кабинеті мен заманауи құрыл­ғы­лар­мен жаб­дықталған зертхана жұмыс істейді. Мұнда АИТВ-жұқпа­сын анықтауға қан тапсырып, 15 минут­тың ішінде нәтижесін алатын да мүмкіндік бар. Медицина саласының бұл науқастарды толық емдеуге мүмкіндігі жоқ. Бірақ, ЖИТС-тің өрбуін тежеп, науқастың өмірін ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін емдеу тәсілдері бар. Бұл емнің мақсаты –АИТВ жұқпасы бар науқастардың ағзасындағы вирустардың көбеюін тежеп, иммундық жүйені қалпына келтіру. Бұл үшін антиретровирустық препараттар қолданылады.
Өз денсаулығыңызға жауаты болып, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар. АИТВ/ЖИТС туралы қосымша ақпаратты және кеңесті сенім телефоны 8710(2) 41-00-76 арқылы ала аласыздар. Тестілеу және кеңес беру тегін жүргізіледі.

Г.Турлина,
«Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы» ККМ Жезқазған бөлімінің дәрігер-эпидемиологы.

Комментарии закрыты.