«Ерлігі – ел есінде»

Еліміз тәуелсіздік алған жылдан кейін халықаралық келісімге сәйкес, ҚР Ішкі әскердің екі мыңнан астам әскери қызметші 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. 1995 жылдың 7 сәуірінде таулы Памирдегі Пшихавр шатқалында жүк күзетіп келе жатқан қазақстандық көліктер легіне Ауғанстан жағынан моджахедтер шабуыл жасаған. Қарсыластың күші басым болған ұрыс кезінде Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33 әскери қызметкер әр түрлі деңгейде жарақат алған еді. Сол бір ерліктің көрінісі бүгінгі өскелең ұрпақтың батыл да батыр, ержүрек болуына сөзсіз сеп болмақ.

Өткен аптада қала­мыздағы №19 жалпы білім беретін мектепте тәжік-ауған соғысының ардагерлерінің қатысуымен ерлік сағаты ұйым­-
дастырылды. Қанды қақты­ғыста қаза болған жауынгерлерді еске алуға арналған шараға қалалық әкімшілік өкілдері, аталған соғыстың ардагерлері Қайсар Бимұратов, Самир Мамедов, Ерлан Ниязов, Рустам Вафин, Айбар Оразбеков пен мектеп оқушылары қатысты.
Жиын қатысушылары соғыста қаза тапқан сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Мектеп оқушыларымен құрылған «Намыс» әскери-патриоттық клубы жігерлі, рухты сөздерімен жиналғандарды бірден баурап алды. Өздерінің әскери дайындықтарының жоғары деңгейде екендігін байқатып, қаруды бөлшектеп-жинау мен дене шымырлығын көр­сетті. Елдің еңсесін тіктейін әнді де асқан сүйіспеншілікпен орындап берді. Жасөспірімдердің жігеріне сүйсінген соғыс ардагерлері оқушыларға шексіз алғыстарын жаудырып, ерлік Отанды сүюден басталатынын айтты.

– 1995 жылдың 7 сәуірі ҚР Ішкі әскерлер тарихында мәңгілікке қайғылы күн болып қалмақ. Сонымен бірге, бұл күн көзсіз ерлікке барып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап қаза болған жауынгер жерлестерімізді еске алу күні ретінде аталып өтеді. Сол соғыста 1997 жылы қаза тапқан сарбаздардың ішінде өзіміздің жерлесіміз, Сәтбаев қаласының тумасы Александр Комаровты да айту парыз. Атаулы күн қарсаңында еліміздің әр өңірінде «Ер есімі – ел есінде» тақырыбында көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгін бізден кейінгі ізбасарларымыздың жауынгерлік рухын, әскери дайындығын көріп қуанып отырмыз. Бұл мектеп ұжымының ымырашылдығын, бала тәрбиесіне атүсті қарамайтындығын дәлел­дейтін дүние деп ойлаймын. Мектептерде әскери клубтардың жандануы жасөс­пірімдердің жалынды, жігерлі болып қалыптасу­ына зор септігін тигізеді, ертеңгі болашағына қажет қабілеттерді қазірден меңгергені дұрыс, – дейді «Ардагерлер одағының (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарына қатысушылардың») РҚБ Жезқазған аймағы бойынша филиал төрағасы Қайсар Бимұратов.

Ардагерлер өз тарапынан мектептің атқарып жатқан жұмысына жеміс тілеп, одақ атынан алғыс хат табыстады.
Тәжік-ауған соғысы ардагерлері одағының жұмысы бүгінде қауырт. Барлық білім беру орындарындағы қоғамдық жұмыстарға етене араласуда. 2015 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан республикалық бірлестіктің аймақтық филиалында 33 мүше тіркелген. Биыл Сәтбаев қаласында да филиал ашу жоспарлануда. Аймақтық филиал мамыр айында Ұлытау ауданында мекемелермен бірлесіп, ауыл жастарына арнап қазақша күрестен турнир өткізбек ниетте. Бірлестік мүшелерінің сөзінше, мұндай игі істердің барлығы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын көздеген.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.