«Жыр болып өрілген, Ән болып төгілген – Қаныш!»

Осындай атаумен «Шындық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Достық» үйінде өткен әдеби-музыкалық кеш көрерменді көрікті ой, сиқырлы сазға бөледі.

– Ақыл-ойдың алыбы, қазақтың әлем мойындаған ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына – 120 жыл! Той құтты болсын! Баянауылдың баурайындағы сәуірдің самалы желпіген жусанды даладағы Имантай бидің шаңырағында осыдан 120 жыл бұрын туған бала ұлтымыздың ұлы перзентіне айналатынын сол сәтте кім болжаған. Ол балаға азан шақыртып, Ғадулғани деген есім берілді. Бірақ, ол айналасына да, алты құрлыққа да Қаныш атымен әйгілі болды. Неге? Өйткені, анасы Әлима «Ғаниым, Ғанышым» деп еркелеткен екен. Кейін мектепке барғанда журналға «Қаныш» деп жазылып кеткен көрінеді.

Біз өте бақытты жандармыз. Өйткені, Қаныш Имантайұлының құрметіне қойылған, әлемдегі бірден бір жалғыз қала Сәтбаевта тұрамыз. Мұны мақтаныш ету аздық етеді. Біз Қаныш бабаның рухына сай болуға ұмтылып, бұл үшін ұлы тұлғаны тани түсуіміз керек. Бүгінгі кештің мақсаты – осы, – деген қоғамдық бірлестік төрағасы Абдолла Дастанов ғалым есіміне сырттай ғана қанық екендігімізді, еңбегін, өміржолын кітаптар арқылы білетіндігімізді айта келе, ұлы адамды көзімен көріп, қолына су құйып, батасын алған қаламыздың Құрметті азаматы, ҚР еңбегі сіңген энергетик Яхия аға Асатовқа сөз кезегін берді.

– Әкем Жақыпбек Қанекең, Әлкей Марғұлан, Аманжол Төлекбаев секілді небір жайсаң, марғасқа азаматтармен араласты. Әлі есімде, соғыс уақыты. Қанекең бастаған бір топ адам үйге келді. Шешем шыж-быж болып жүгіріп жүр. Ол кісі зор денелі, ақжарқын адам еді. Әр баладан «Кім боласың?» деп сұрайтын. Садық ағам «Сіз секілді ғалым болғым келеді» дейтін. Сонысы қабыл болды. Қанекең отырғанның өзінде бойы менен биік болатын. Ағаш жаратын жаңғырықтың үстіне шығып қолына су құямын. Бұзаушық сабынмен қолын жуады. Ол кісінің келгенін естіген бүкіл ауыл біздің үйге жиналады. Таңды таңға ұрып айтылатын әңгіменің шегі болмайды. Қаныш аға мен институтта оқып жүргенде 1964 жылы 31 ақпанда дүниеден озды. Бүкіл дүниежүзінен оқымыстылар келді. Алматының көптеген көшелері жабық болды. Қимай қоштасып, жылап қайттық, – деген Я.Асатов ғалым тұлғасының құзар шыңға ұқсайтындығын атап айтты. Уинстон Черчилльге айтқан: «Менің халқым менен де биік» деген сөзін тағы бір жаңғыртты. Қаныш ағаның болмысы, жан дүниесі, адамгершілігі турасында сыр шерте келе жастарды ғылыммен айналысуға, адалдықтың ақ жолынан таймауға, еңбектенуге шақырды. Ұлы тұлғаның өз халқының нағыз жанашыры, патриоты болғандығын арқау еткен әңгімесін көпшілік ұйып тыңдады.

Осы кешке арнайы Жезқазғаннан келген ардақты ана Алтыншаш Жалмағанбетова баласына неліктен Қаныш ағаның есімін бергіндігін айта кетті. Сексеннің сеңгіріне шыққан Алтыншаш апаның жолдасы кезінде геологиялық бақылау партиясында кәсіподақ ұйымының төрағасы болып еңбек еткен.

– 1956 жылы тұрмысқа шықтым. Жап-жас кезім. Қанекеңмен клубта кездесу болды. Ол кезде аяғым ауыр. Жолдасым енеме «Алтын толғатып қалса Қаныштың алдына алып барамын» деп айтқан еді. Сол күні таңертең сағат жетіде ұлымды дүниеге әкелдім. Содан ағаның есімін бердік. Ол кісімен Жезді бойындағы тағы бір жиында кездестік. Киіз үй тігіп, дастархан жайып, мәре-сәре болыстық. Зайыбы Таисия Алексеевнаның жанында бірге жүрдім. Әңгімесіне қанығып, адамшылығын таныдым, – деген Алтыншаш апаға алғысын білдірген А.Дастанов Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналған «Шырайлы шаһар – Сәтбаев» фотоальбомын табыстады.

Қаныш Имантайұлы тек геология саласының білгірі, ғылымның майталманы ғана емес, өнердің үлкен жанашыры болған адам. Белгілі музыкатанушы, фольклорист А.Затаевич Қаныш ағаның орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алып, нотаға түсірген. Ғалым Ә.Марғұланның ай­туына қарағанда, ол кісі би өнеріне де аса зор қызығушылық танытқан екен. Осы кеште М.Түсіпбековтің «Қаныштың қаласында», Н.Керімбековтің «Сәтбаев вальсі» шырқалып, Мұса Тілеу, Дәуренбек Бұланбаев секілді ақиық ақындар жырдан маржан төкті.

Мұнан соң геология-минерология ғылымының кандидаты, «Мұзбел» алтын кен орнын ашқан, Қ.Сәтбаевтың ізбасары болған Тынышбай Сарғасқаевтың жары Сәлима Сарғасқаеваның мемлекеттік архивке тапсырған сирек суреттер слайды көрсетілді.

Құтты болсын айта келген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш жастарға рухани тәрбие беру жолындағы, тарихи құндылықтарымызды насихаттау бағытындағы еңбегі үшін «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дастановқа қала әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.