Ұлытау және Қаныш Сәтбаев

Биыл аты аңызға айналған тарихи тұлға академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл. Кезінде Жезқазған-Ұлытау өңірінің мол тарихын, мәдениетін зерттеуде көп еңбек сіңірген ғұлама ғалымның есімін дәріптеу – аса маңызды міндет.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Семей облысы (Павлодар уезі), Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Теңдік ауылы) өз уақытында қазақтың игі жақсыларына белгілі болған ауқатты әулетте дүниеге келген.
Болашақ ғалымның әкесі Имантай Сәтбаев ауыз әдебиеті мен өз жерінің тарихын жақсы білетін, түркітектес һәм шығыс елдерінің әдебиетімен таныс аса сауатты адам болыпты. Ол қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановқа зор құрметпен қараған, оның әкесі Шыңғыспен жақсы таныс болып, сыйлас ғұрыпта болған. Орыстың белгілі ғалым-этнографы, Шоқан Уәлихановтың бірге оқыған досы Г.Н.Потанин Ресейдің географиялық қоғамы­ның ауыз әдебиетін жинастыру қызметінде Имантай Сәтбаевтың көмегіне жүгінген.
Дарынды ұлдың анасы Әлима ­Иса­­қы­­зы кенже ұлы Қаныш бес жасқа кел­генде дүние салды. Жас бала Имантайдың бәйбішесі Нұрым Тасболатқызының мейірбан әрі құтты бауырында өсті. Болашақ ғалым өз әкесінен, ауыл молдасынан, оған қоса жергілікті екі жылдық Ақкелін мектебінен алғашқы білім алды. Ауыл мектебінен кейін оқуын Павлодар­дағы екі жылдық орыс-қазақ учили­щесінде жалғастырған жас талант оны үздік аяқтады. Сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1918 жылы бітіріп шықты. 1918-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстарда жаратылыстану пәнінің мұғалімі, 1919-1920 жылдары Ақкелін болысындағы 4-ауылда мұғалім, 1920-1921 жылдары Баянауылда халық судьясы қызметтерін атқарды. Жас Қаныштың қалыптасуына ата-анасы, оқыған ортасы және сол заманның озық азаматтары – туған ағасы Ғабдулғазиз Сәтбаев, немере ағалары Әбікей Сәтбаев пен Әбдікәрім Сәтбаев үлкен әсер етті. Олардың үшеуі де 37-ші жылдың жазықсыз құрбаны болды. Ағаларының қазасы Қаныш Имантайұлы­ның қабырғасын қайыстырды, өзінің болашағын терең ойлауға мәжбүрледі. Сәтбаев өмірбаянының осы жағы Шәм­шиябану Қанышқызы Сәтбаеваның «Сәулелі әулет» атты кітабы жарық көр­генше жан-жақты айтылмады. Ағаларының саяси репрессияға ұшырауы, Мекке сапарында дүние салған атасы Сәтбайдың қажы­лығы академиктің ішінара қарсыластары үшін тоталитарлық жүйенің идеологиялық қырсығын тигізуге қару болды.
Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай ­Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың үлгілі өмірі мен еңбектері әсерін тигізді. Ол Абайдың поэзиясын жақсы игеріп, оның көптеген шығармаларын жатқа айтып машықтанды, лирикалық әндерін үздік орындап жүрді. Студент шағында Ш.Уәлихановтың шығармаларын терең талдап, мұқият оқыды. Шоқанның Қостанай төңірегіндегі ақын-жыраулардың аузынан жазып алған әйгілі Едіге батыр жайындағы «Ер Едіге» эпосын қазақ тіліне аударады. Осы еңбегі 1927 жылы Мәскеуде басылып шықты. «Бұл аңызды қазақшаға қайта аударуымның негізгі себебі – бұрынғы Мелиоранскийдің аударған нұсқасында аты қазақша, заты кітапшілдеу ноғайша болып кетуіне байланысты» деп Қаныш Имантайұлы анық жазды. Бұл еңбегін ана тіліне деген үлкен қамқорлығы һәм тіл ұстартуға қосқан тамаша үлесі деп білеміз.
«Жезқазған – қазақ елінің інжу-маржаны» деп Қаныш Сәтбаев тебірене, толғана келе, Ұлытау туралы: «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш (Ақназар), Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылысы жағынан өте әдемі жаңа Қазақстанның географиялық орталығында болуы себеп болған. Ұлытаудың саяси-экономикалық маңызын орыс отаршылдары да білген. Олар өткен ғасырдың 30-жылынан бастап тауды табандап мекен етуге тырысқан, әскерлерін әкеліп орналастырған. Бірақ, жергілікті қазақ елі оларға шабуыл жасап, тыныштық бермеген» деп жазады.
Ұлытау туралы академик Әлкей Марғұлан: «Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, исі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған» – деп жазды.
Тарихымызда ұлы адамдар өте көп, бірақ та олардың қатарында биыл 119 жасқа толып отырған Қаныш Сәтбаев ерекше еске түседі. Оның кен орындарын зерттеуі мен өлмес ғылыми еңбектері ғылым әлемінде көзі тірісінде жоғары бағаланды. Бұған табиғат құбылыстарының мынандай атаулары дәлел болады: Сәтбаев мұздығы және Жоңғар Алатауындағы Сәтбаев шыңы, таулы шеңбер құрылым – Сәтбаев үлкен шеңбері, әдемі гүл «Академик Сәтбаев» гладиолусы, «Академик Қ.Сәтбаевтың құрметіне» атты сиреньнің жаңа сұрпы, Қаратау кен орнының ванадий кендерінен табылған «сатбаевит» сирек минералы. Айтулы академиктің құрметіне оның есімімен күн жүйесінің кіші ғаламшары және ҚР Ғылым академиясының сыйлығы аталды. Авторлық шығармалар жинағы, альбомдар, кітаптар, замандастарының естеліктері баспа бетін көрді. ХХ ғасырдың соңында отандастары оны «Ғасыр Адамы» деген атаққа лайық деп тапты.
Туған жері Баянауылда, Алматы мен Қарсақбайда оның мемориалды мұражайлары ашылды.
Қ.Сәтбаевтың арманына жету жолындағы әрекеттері тынымсыз күреске толы болды. Осы күрестегі жеңістерінде оның жан-жақты білімі, ақылы, эрудициясы мен талабы ғана емес, сонымен қатар, азаматтық батылдығы, руханияты, адамгершілігі мен парасаттылығы шешуші роль атқарды. Оның шабыты мен сарқылмас қуатының қайнар көзі – туған халқына және қазақ даласына деген шексіз сүйіспеншілігінде. Ал, халқы оның білімі мен еңбектерін жоғары бағалады.
Көне заманнан бері адамзат тарихының даму сатысында қасиетті Ұлытаудың алатын орны бөлек. Қазақ елінің бірлігі, ұйытқысы болған Ұлытаудың мемлекетіміздің іргесі қалануындағы орны да ерекше. Қазақ елінің халық болып қалыптасуының басы да осы Ұлытаудан бастау алады. Бұл – тарихи шындық. Осынау тарихи шындық жайында академик Қаныш Сәтбаев: «Орталық беткейге орналасуы мен жоталарының биіктігіне қарағанда Ұлытау керегесін Сарыарқаның кіндігі деп атауға болады. Сондықтан, Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының ашық алаңы, кең мандайы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан», – деп жазса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қасиетті Ұлытау – қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі», – деп атап өткен еді.
Қаныш Имантайұлы өзінің «Жезқазған-Ұлытау маңының минералдық ресурстары» атты мақаласында: «Жезқазған-Ұлытау ауданы Қазақстан территориясының нағыз геометриялық орталығына орналасқан. Жезқазған геологтарының ертерек кезде зерттеуі бойынша бұл ауданның жер көлемі жүз мың шаршы километрге жуық болады. Мұның өзі Закавказье одақтас республикасының территориясынан асып түседі», – деп жазады.
Жезқазған-Ұлытау ауданы марганец рудасының қоры жөнінен Қазақстандағы ең негізгі аудандардың бірі болып табылады. Мұнда 1942 жылдың көктемінде, қысқа мерзімде – небәрі алты айда жапан далаға Жезді марганец руднигі салынды. Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміз негізгі марганец базасы – Никополь мен Чиатури кендері, индустриалды Оралдан уақытша қол үзген кезде, Жезді руднигі өте зор роль атқарды. Жездінің бай марганец рудасы сол кезде Оралдағы металлургия өнеркәсібіне жөнелтіліп жатты. Мұның өзі Жезқазған геологтарының минералдық ресурстарды комплексті зерттеу жұмыстарының тамаша нәтижесі болды. Жезді марганец рудасы, Атасу кенімен бірге Павлодарда салынып жатқан ірі ферросплав зауыты үшін шикізат базасы болып табылды.
Бұл ауданда кен-руда және құрылыс шикізатының өте бай резерві бар. Ешкіөлмес асбест кені Қазақстанда екінші орын алады. Мұнда қазірдің өзінде барланған асбест қоры үш миллион тоннадан асып жатыр. Сондай-ақ, асбест кені Қаным, Айыртау, Шайтантас, Дүйсенбай және басқа жерлерден де табылады.
Қаныш Сәтбаев – қазақ халқының мақтанышы мен даңқы. Өзінің артында өшпес із қалдырды:
– Жезқазған – Қ.И.Сәтбаевтың туындысы;
– Қазақстан ғылым Академиясы;
– Геологиялық ғылымдар институты;
– Кешенді металлогендік болжам карталары;
– Республиканың геоло­гиялық қызметі;
– Қазақ Ұлттық техникалық университеті;
– Марганец алыбы: Жезді – Найзатас;
– Қарағанды металлургия комбинаты және республиканың қара металлургиясы;
– Қазақстанның түсті металлургиясы;
– Павлодар аллюминий зауыты;
– Қ.Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» каналы;
– Орташа машина жасау өндірісі және Батыс Қазақстан мұнай байлығын ғылыми бол-
жау. Осы мекемелер мен кәсіпорындарда қазақ халқының біртуар дарынды ұлы, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың жолын жалғастырушы мыңдаған адамдар қызмет етеді.
Дарынды тұлғаның есімі қаншама жылдар өтсе де елдің есінен шықпайды.

Талғат АБЖАППАРОВ,
Ұлытау селосының тұрғыны.

Комментарии закрыты.