Тарихқа жаңа көзқарас

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткен тарихымызды зерделеп, түп тамырымызды білуге деген жаңаша бағыт-бағдар екені анық. Елбасының өзі айтқандай, бұл мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы. Кешегі кеңестік кезеңдегі, тіпті одан бұрынғы еуропацентристік көзқарас біздің, жалпы түркі тілдес халықтардың тарихын бұрмалап көрсетті. Ежелгі сақтар мен ғұндар, басқадай этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі екені белгілі. Ендеше төл тарихымызға дұрыс көзқарас керектігін Елбасымыз күн тәртібіне дер кезінде қойып отыр.

Аталмыш мақалада Елбасы тарихымызға қысқаша шолу жасаған. Бүгінгі мәдени материлдық жетістіктер бізге сырттан келген жоқ, қайта соның көбі біздің жерімізде жасалып, әлемге тараған. Оған мысал ретінде атқа міну мәдениеті мен жылқыны қолға үйретуді алсақ та жеткілікті. Еліміздің солтүстік өңірінен табылған ерте дәуірге тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аймағында қолға үйретілгенін дәлелдеген. Содан барып атты адамға ыңғайлы киімдер, мысалы шалбар мен етік ойлап табылған. Ертоқым мен үзеңгі де сол уақыттағы адамдар қолынан шыққан. Содан атқа мінген, қылыш пен садақ ұстаған түркілер әскери зор күшке айналып, үстемдік жүргізгені түсінікті жағдай. Айбынды атты әскер қалыптастыру ежелгі түркі тайпаларының сол замандағы жетістіктерінің бірі ғана.
Ұлы даланың бір қыры ретінде біздің жерімізде ежелгі металлургияның дамығанын айтуға болады. Біздің жыл санауымыздан бұрынырақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болған. Онда қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алынған. Мысалы, еліміздің әр аймағынан Алтын адамның табылуы сол бабаларымыздың алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін көрсетеді. Ежелгі заманда Орталық Қазақстанда, соның ішінде Жезқазған аймағында, металлургия дамығанын білеміз. Соны түбегейлі зерттеген Қаныш Сәтбаев осы өңірдің өндірісін дамытуға көп үлес қосты. Қазір мыс пен алтын, басқа да сирек кездесетін өндіріс орындары осы Жезқазған халқының күн көріс көзіне айналып отыр. Ғұлама ғалым Қ.Сәтбаев атымен аталатын қаланың да ірі кен өндіру орнына, өндіріс орталығына айналып, республикамыздағы әлеуеті зор мекен болғаны қуанышты. Металлургияның атасы Сәтбаев есіміне ие болған қалада тұрғанымызды мақтан етеміз.

Тарихқа қатысты тағы бір жәйт, осы біздер өмір сүріп жатқан Жезқазған аймағында ежелгі палеолит адамдары өмір сүрген.

Археологиялық айғақтар осы өңірдің Обалысай, Мұзбел, Талдысай, Жаман-Айбат, Қосмола, Қызылжар деген жерлерден табылып, осында орталық палеолит дәуірінің адамдары болғанын зерттеушілер дәлелдеп шыққан. Біздің заманымызға дейінгі ХІІ мың жылдықтан бастап ІІІ мың жылдың арасында Ұлы дала қазіргі қалпын қалыптастырып үлгерген. Ұлы дала тарихы сол кезеңнен басталып, жалғасып келеді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сол мол тарихымызды зерделеп, оны дамыта түсудің жаңа бағдарламасын ұсынып отыр. Сондықтан, бұл мақала көпшіліктің ойынан шығып, қолдауына ие болып отыр.

Е.Сексенов,
Сәтбаев қалалық
сотының төрағасы.

Комментарии закрыты.