Кен барлаушылар құрметтелді

Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының іргетасы айтулы геолог, кемеңгер ғалым Қаныш Сәтбаевтың қолға алуымен 1928 жылы қаланып, Қазақстан түсті металлургиясының қара шаңырағы Қарсақбайда орын тепкен болатын. Бүгінде Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі геология бөлімі жер қойнауындағы қазба байлықтарды анықтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Кәсіби мерекеге орай олардың бір тобы кеніштегі «КәсіпҚорған» кәсіподағының сый-сияпатына бөленді.

Олардың қатарында Әсел Бекмағанбетова, Саят Ерғазинов, Іляс Оспанов, Саят Қожахметов бар. Ал, кәсіподақтың Жезқазған филиалының марапаты №65 шахтаның №23 учаскесінің геологы Ирина Козловскаяға бұйырды.

Кеніштердегі геологиялық қызмет бөлімшелерінде жүзге тарта геологтар еңбек етеді. Олардың барлығы ҚР Құрметті кен барлаушысы Георгий Иконниковтың мектебінен тәлім алғандар. Ол кісінің жетекшілігімен Жыланды, Итауыз, Қарашошақ, Қыпшақбай, Шығыс Сарыоба, Батыс Сарыоба кен орындарына барлау топтары құрылып, зерттеу жұмысы жалғасуда.

– Корпорация басшылығы геология жұмысына жете көңіл бөлуде. Осы ретте жүзеге асырылған жобалар мен жоспарлар жетерлік. Кен қорының жеткілікті екендігін алға тартқан геологтар кеніштердегі еңбек қарқынының толастамайтынын, пайдалы жерасты қазбаларын табу, зерттеу, бақылау жұмысының бәсеңдемейтіндігін айтып, қуантуда. Біз де сіздерді құттықтап, істеріңізге сәттілік, көрегенділік, мол қажыр-қайрат тілейміз, – деді кеніштегі кәсіподақ төрағасы Абзал Жаңабергенов.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.