Қаныш рухына тағзым

Төскейінде сары сағым өрнек салып, бауырын қызу еңбек дүбірі дүр сілкіндірген, ымыра-бірлігі жарасқан жұртқа құтты қоныс болған даланың төрінде орналасқан кенді аймағымызда тарихи оқиға орын алды. Ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұңғыш Құрметті азаматы, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орайластырылған ауқымды шаралар мысты өңірдегі қатар тұрған қос қалада кеңінен аталды. Өткен бейсенбіде Жезқазған қаласында бастау алып, Сәтбаев қаласында жалғасын тапқан басқосуларда ғибратты ғұмыр иесінің ешқашан ескірмейтін өмір жолы, қазақ ғылымына қосқан еңбегі барынша қамтылды.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайындағы салтанатты жиналыста Қ.Сәтбаевтың мыс алыбы үлкен Жезқазғанның дүниеге келуі, осы өңірдегі Жезді және Найзатас сияқты ірі кен орындарының ашылуы мен еліміздегі түрлі ресурстардың игерілуі, Сарыарқаның металлогенді және болжам картасының жасалуына қосқан үлесі, орыс, қазақ, араб, ағылшын тілінде жарық көрген ғылыми шығармалары, бүгінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті турасында тағы бір мәрте сөз қозғалды.

С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы драма театры әртістерінің әлемге теңдесі жоқ қазба байлықтарымен танылып, талайлардың таңдайын қақтырған аймаққа айналуымызға жол ашқан ғалым өмірінің бәр сәтін бейнелеген «Екі тағдыр» қойылымынан кейін, «Кеншілер сазы» ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазының «Балбырауынын» күмбірлетті.

Ұлытау атырабындағы қара тастан қаймақ алған, қарашаңырақ Қарсақбайдан бастау алған түсті­металлургия тарихында қазақтың біртуар ұлы Қ.Сәтбаевтың ізі жатқандығын айтқан қала әкімінің орынбасары С.Нарботаев облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен өндіріс озаттарын, еңбек ардагерлерін марапаттады.

Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейін Қаныш Сәтбаев бүкіл өмірін Қазақстанның минералдық ресурстарын және Үлкен Жезқазғанның рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арнады. Ұлыларға ғана тән көрегенділікпен қызмет атқарған ғалым мұрасы қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның зор қуатына айналды. Әлем таныған академик батасын берген кешегі Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты бүгін қуатты, халық алдында әлеуеті мен әлеуметтік жауапкершілігі жоғары корпорацияға айналды. Осы ретте сөз алған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен өндірістік кешенінің бас директоры С.Әменов бір топ геологқа кәсіби мерекеге орай «Қазақмыс Холдинг» ЖШС Директорлар Кеңесінің төрағасы Э.Огайдың Құрмет грамотасын табыстады.

Мұнан соң «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының төрағасы Т.Тәжбенов еліміздің дәулетті де сәулетті болуына, «Қазақмыс» корпорациясының алға қойған міндеттерін абыроймен орындауға үлес қосқандардың бір тобына сый-сияпат жасады.

Қаныш ағаның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтына, қалалар мен аудандар көшелеріне, кіші планетаға берілген. Ғалымның құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында табылған «Сатбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталды. Ол сан қырлы талантын, ақыл-ой парасатын туған халқының мерейін үстем етуге жұмсады. Оның өнегелі өмір жолы баршаға үлгі. Ғалымның туысы, Қарағанды қаласынан ат арылтқан Күлтай Баязитова өз естелігінде Қаныш ағаның өмірлік мұрат-мақсаты, адамдық парызы жайында сыр шертсе, атақты ғалым Әлкей Марғұланның қызы Данель Әлкейқызы Қаныш аға мен әкесі арасындағы сыйластық жайында әңгімеледі.

– Біз Қаныш ағамен көрші тұрдық. Ол кісімен анам жағынан жақын туыс болып келеміз. Мариям деген қызымен бала кезден дос болдым. Қаныш аға ерекше адам болатын. Отбасылық отырыстарда билегенді өте жақсы көретін. Алпыс үшінші жылдың аяғында Мариям әкесі екеуі Ғылым академиясының жиналысына Мәскеуге аттанды. Барлық туыстар жиналып, шығарып салдық. Әуежай алаңында олар ұшаққа еніп кетті. Бір кезде ұшақ есігі қайта ашылып, Қаныш аға сыртқа шығып, алыстағы мұнартқан тауларға көз алмай ұзақ қарады. Кейін ойласам, қоштасқаны екен ғой. Ол кісі осы сапарында Мәскеуде көз жұмды. Қаныш Имантайұлы кезінде Сталиннің қудалауына ұшыраған нарқасқа азаматтарға көмегін берген, тағдырына араша түскен адам еді. Жердің де, желдің де, судың да тілін түсінген, жер жүрегінің дүрсілін тыңдай білген теңдессіз дарын иесі еді, – деген Данель Әлкейқызы халықтың туған ұлына деген махаббатының ешқашан өшпейтіндігін айтып толғанды. Салтанатты шара Қазақстанның мәдениет қайраткері А.Күлшікенованың орындауындағы «Сәтбаев вальсі» әнімен түйінделді.

Торқалы тойдың құрметіне орай бұл күні «Кенші даңқы» алаңына жас көшеттер отырғызылып, Қ.Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етіліп, Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында жылжымалы көрме ұйымдастырылды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.