«Нұр Отан» жақтастарының форумы

«Алға, Қазақстан» ұранымен «Нұр Отан» ХДП-ның жақтастары өткен жұмада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында кең көлемді форум ұйымдастырды. Форумның жұмысына Сәтбаев қалалық сайлауалды штабының мүшелері, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттығына үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, ұлттықмәдени орталықтар жетекшілері, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, жалпы жұртшылық қатысты.

«Алға, Қазақстан», «Алға, «Нұр Отан» деп екі тілде зал ішін жаңғыртқан ұранмен ашылған форумның алғашқы сөзі «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев пен қалалық сайлауалды штабтың төрағасы Т.Есмұрзаеваға берілді.

«Бұл форум ел келешегі мен алда өтетін сайлаудың мәртебесін көтеру үшін, саяси науқанда белсенділік танытуға шақыру үшін өткізіліп отыр. Мақсатымыз – өз Отанының патриоты болуға, елінжерін сүюге үндеу. Қазақстан халқының алдында маңызды таңдау тұр. Еліміздің ертеңінің қандай жолмен дамитындығы сіздер мен біздерге байланысты. Кемеңгер Елбасы бастаған нақты істер партиясын халқы қолдайды деп сенеміз» деді олар.

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Төреқожа Тлемісов осыдан 4 жыл бұрын өзіне сенім білдірген сайлаушыларына рахметін айта келе, сол аралықтағы қол жеткізген жетістіктерге қысқаша тоқталды. Ал Жанболат Бөрібаев сайлауға бірінші рет түсіп тұрғандығын, қалай болған күнде де қаламыздың, еліміздің гүлденуіне өз үлесін қоса беретінін жеткізді.

Сахна төріне шыққан қалалық мәслихаттың депутаттығына үміткерлер атынан Тоғызбай Тәжбенов пен Айгүл Төлендина бар күшжігерлерін кеншілердің тұрмысын жақсартуға жұмсайтындықтарын айтып, сәтбаевтықтарды бейбітшілік пен ынтымақтың партиясы – «Нұр Отанды» қолдауға шақырды.

«Біз – бүгінгі Қазақстанның жастары – Тәуелсіздіктің құрдастарымыз. Елімізбен бірге өсіп-өркендедік, азамат атандық. Мұның бәрі Елбасымыз, партия Төрағасының көреген саясаты мен қамқорлығының арқасында. Бүгінгі күні мыңдаған студенттер білім алып жатыр. Ертең бұл білімімізді «Нұр Отан» партиясының жаңа ауқымды жобаларын жүзеге асыруда пайдаланамыз.

Сәтбаев жастарының таңдауы – «Нұр Отан» партиясы» – деді одан әрі сөз алған Тәуелсіздіктің құрдастары А.Мұхамбетжанов, С.Гамаюнова, Ж.Тутеев.

«Нұр Отан» ХДП жақтастарының форумы қатысушылардың қосылып орындауындағы «Жаса, Қазақстан» патриоттық әнімен аяқталды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.