Коворкинг – кітапхананың жаңа келбеті

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде №4 Абай атындағы мектеп-лицейінде оқырмандар үшін оңтайлы жүйе «Коворкинг» орталығы ашылып, өз жұмысын бастады.

Орталық фриланс режімінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясын­дағы креативті жобаларын (клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Орталықта оқушылар сүйікті ісімен айналыспақ. Онда жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалған. Ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаң­дар, жедел интернет, принтерлер мен сканерлер орналасқан.

– Жобаның басты мақсаты – оқушылардың ақпараттық қажеттілігін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапхананың жаңа заманауи үлгісін құру, өркениет көшіне ілесу болып табылады. Ойымыз жүзеге асты. Барлық кітаптар цифрлық форматқа көшіріледі. Автоматтандырылған жүйе іске қосылады. Электронды каталогтарды интернетке шығарып, кітапхана сайтына орналастыруға болады. Кітаптарға радиобелгі орнатып, оқырманға беріліп, қайтарылуын қадағаламақпыз. Бұл жерде балалар оқыған кітабы туралы пікір таластырып, викториналық және логикалық ойындарға қатысады. Бұл бір демалыс орны сияқты. Біз осылайша кітапхананың қызмет деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздемекпіз. Кітапхана жүйесін жаңғырту, заманауи құрылғымен жабдықтау, цифрлы жобалар енгізу бүгінгі күннің талабы ғой. Сондықтан жас ұрпаққа білім беру жолында соны жаңалықтардан қалыспауымыз керек, – дейді мектеп директоры Гүлмира Жаппасова.

Орталық балалар үшін ойын, білім, ғаламтор алаңдарына бөлінбек. Бұл жерде керекті ақпаратты тауып, әлем бойынша жаңалықтарды біліп, қызықты бағдарламаларды тамашалау арқылы ой-өріс кеңейе түспек.

«Бір ел бір – кітап» акциясы аясында кітаптар шеруі өткізілген ашылу салтанатында «Шаңырақ» қауымдастығының тұ­сауы кесілді. Білім ордасының ауласына киіз үй тігіліп, орталықтың шығармашылық жұмысы таныстырылды. «Коворкинг – Кафе» бағытында дастархан жайылып, оқушылар өнерін ортаға салды. Алдағы жазғы каникулда лицей оқушылары үшін «Үздік оқырман-2019» байқауы жарияланбақ. Байқау жеңімпазына велосипед сыйға тартылады. Енді балалардың жаз бойы кітаптан бас алмасы сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.