Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп атады. Бұл, әрине, жастарға деген үлкен сенім, жауапкершілік, жастардың өмір сүруін жақсартуға арналған бағдарлама деп атауға болады. Жастар – барлық прогресстің қозғаушы күші, еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы, ұлы даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізер болашағы. Сондықтан, биылғы жылдың жастарға арналғаны жасампаз халықтың жігерін жанып, үкілі үміттерге бастар қадам деп білемін.

Қазір баланың келешегіне зор сеніммен қарау үшін ата-ана еселі еңбек етуде. Өсіп келе жатқан жастарды қалай тәрбиелеп өсіреміз, өмірге қалай дайындаймыз деген сауалдар келешекте қандай ел боламыз деген ойдың жемісі болса керек.

Қазіргі уақыта орта арнайы және жоғарғы білім беретін мекемелердің қатары молайды, үміт артқан талапкер де таңдаған оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. Алайда, бітірісімен жұмыс істеуге қауқары жоқ жастардың да көптеп саналатынын жасыру мүмкін емес. Еңбек етуге құлқы жоқ жастан еселі еңбеккер шығатынына сене қою қиын. Қазіргі көкейдегі мәселе жастар өз мамандығымен жұмыс істеп жүр ме деген ойдан туындап отыр. Бұл да қиюы келіспеген қордаланған мәселелердің бірі.

Баспаналы болу – адам үшін ең өзекті һәм толғақты тақырып. Баспанасыз күн кешу қашан да ауыр екені тағы анық. Осы жағдайда жастардың үй мәселесін шешу де ең маңызды мәселе.

Өзіне қажетті білімін алып, соған сәйкес мамандығымен қызмет жасап, маңдай терімен тапқан ақшамен баспаналы болу да жас жанұя үшін зор белес.

Ендеше, Жастар жылы деп бекітілген бағдарлама осы айтылған мәселелерді шешудің алғашқы кезеңі деп ойлаймын.

Қандай шара, бағдарламалар мен міндеттер болсын, “жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, бәріміз бірге жұмыс атқарсақ, әрқашан алға баса береміз.

Иманбай БРАЛИН,
Сәтбаев қалалық
мәслихат депутаты.

Комментарии закрыты.