Бөртегүлдер көп гүлдейді

Көшет отырғызу – көшелі іс. «Қазақмыс «Корпорациясы» ЖШС басшылығы ғалым құрметіне арнап қаладағы «Кенші даңқы» алаңында көшет отырғызды. Көпге үлгі болатын көшелі іс кезінде 70 түп ағаш отырғызылды. Осылайша, Қаныш Сәтбаев мерейтойында кеншілер шаһарында көрік келтірер көк өскіннің қатары көбейді.

– Қаныш Имантайұлының Жезқазған аймағына сіңіріп кеткен еңбегіне қос қала қарыздар. Ғалым геологиялық еңбектерге терең талдау жасап, ауданда кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеді. Сол ілкімді ізденіс арқасында игерілусіз жатқан ен байлықтың «көзін» ашуға септесті. Бүгін сол ардақты азаматымызға құрмет білдіру мақсатында есімі берілген қалада көшет отырғызудамыз. Жасыл желек отырғызуға арнайы шақырылған қонақтарымыз да өтініш білдірді. Белгілі археолог-ғалым Әлкей Марғұланның қызы Дәнел апай мен елге белгілі геология саласының ғалымдары игілікті іске атсалысып, құрмет көрсетті, – дейді «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС «КәсіпҚорған» кен-металлургиялық өнеркәсібі және аралас өндірістер салалық кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов.
Ғалым құрметіне арнап іске асырылған істің бірі – осы. Енді корпорация басшылығы алдағы уақытта Қаныш Сәтбаевтың туған жері Баянауыл өлкесіне арнайы атбасын бұрып, академик рухына тағзым жасап ас беруді жоспарлап отыр.
«Кенші даңқы» аллеясына отырғызылған жетпіс бөртегүл ағашы енді ерекше күтіммен бапталса, көпшілік жиналатын көрікті орынға айналмақ. Жұпар иісті гүлдің жерсініп, жайқалып кетуіне біз де тілектеспіз.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.