Мемлекеттік тіл – барша Қазақстандықтарды біріктіруші

Қазақ халқы өз елінің шапшаң дамып келе жатқанын ана тілінің даму деңгейінен көргісі келеді. Әрине, бұл салада жеткен меже мәз емес. Оны осы тілдің иесі өзі бағалап отыр.

Елбасы мемлекеттік тілдің өткені мен бүгінгісін ескере отырып, тілдің даму стратегиясының іргетасын қалап берді. Әлбетте, стратегия үш тұғырға қонуы шарт. Олар: басқару, ұйымдастыру, ақпарат.

Қазіргі таңда біртілдікке апаратын орыстандыру саясаты жойылып, Қазақстанда тіл егемендігі пайда болды. Керітартпа саясаттың орнына игілікті сипаттағы тіл саясаты алға шықты. Орыстілді өзге ұлт өкілдері жергілікті халықтың тіліне мән бере бастады.

Қазақстанның тілдік саясаты – мемлекеттік тілді көптілді Қазақстанның ортақ тіліне айналдыру. Бұл жерде мақсат – көпшілік болып табылатын халықты қалыптастырған тілді елдің игілігіне айналдыру. Елбасы қазақ тілінің болашағына сенді.

«Үштұғырлы тіл саясаты» негізінде қазақ, ағылшын, орыс тілдерін дамыту мәселесі көтерілгелі, мемлекеттік тілдің дамуына нұқсан келетін болды деп уайымдайтындар да баршылық. Дегенмен, Елбасының өзі «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп ескерткен.
Ал, орыс тілі Қазақстанды мекендеген әр ұлт өкілдерінің арасындағы қарым-қатынас тілі ретінде, сыртқы саясатта, көршілермен байланыста аса маңызға ие.

Біз еліміздің азаматы ретінде барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге, Тұңғыш Президент «елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп тапсырма берген. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2011 жылғы 29 маусымда Тұңғыш Президенттің «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру туралы №110 Жарлығы шығып, осы бағдарламаны іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» 2011 жылы 29 шілдедегі №878 қаулысы шыққан. Қазіргі таңда негізгі тіл саясаты осы бағдарлама аясында жүргізілуде.

Қазақ тілін қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру үшін қазақ тілін өз ұрпағымыздың тілі ретінде қалыптастыру мәселесі тұр. Қазіргі таңда қазақ халқы қазақ тілін біліп-білмеу жағынан біркелкі емес. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады, қазақ тілін ана тілі дәрежесінде білетіндер, қазақ тілін екінші тіл ретінде біліп, сөйлеуге қиналатын, орыс тілімен араластырып қолданатындар және қазақ тілін мүлдем білмейтін, бейхабарлар.

Бұл бағыт бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Тұңғыш Президент «еркін ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажетті берік негізді қаладық» деген. Еркін ұлт болу – негізгі бағыт. Еркін ұлт болу үшін оның белгілі дәрежеде тілдік сана-сезімі болуы шарт, ана тілінен безген, өзге тілге телмірген ұлт ешқашан ұлт бола алмайды. Мемлекеттік тілді барша қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру өзге ұлт тілінің есебінен болмайды, өзге ұлттар өз тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеріп, қостілді болуы шарт. Бұл әлеуметтік сұраныс, өзге ұлт өкілдері осыны сезінуі қажет.

Ғаламдандыру жағдайында мемлекеттік, ағылшын, орыс тілдерінен тұратын үштілдікті дамытудың қажеттілігі айдан анық. Бірақ, қазақстандықтар өз елінде ғаламдандыру тілін тежеу үшін үштілдікті мемлекеттік тіл негізінде дамытуы керек.

Қазақ тілін білуді талап етпесе, бұл кәсіби талап деп ұғындырмаса, немесе өзіміз түсінбесек қазақ тілі елімізге ортақ тіл бола алмайды, біріктіруші факторға айналмайды.

Қазақ тіліне ұйытқы болу өзге ұлттың емес, тек қазақ халқының қолынан келеді. Барша қазақ елі өз тілін мойындап, құрметтеп, толық меңгерген кезде, басқа ұлттың өкілі де ұйытқы бола алады.

Жалпы ана тілін еркін меңгеру және оны қоғамның түрлі салаларында қолданылуын кеңейту шаралары бірінші кезекте отбасынан, одан кейін биліктен бастау алады.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін кәсіби талап қойылу қажет. Кәсіби талапты адам құқығын шектеумен шатастыруға болмайды. Мемлекеттік тілді білуді талап ету – адам құқығын әсте шектеу емес, қазақ тілін білдіру арқылы басқа ұлт өкілдерінің кәсіби қызмет бабында өсуіне қазақпен бірдей жағдай туғызуы болып табылады.

Ж.Скаков,
судья.

Комментарии закрыты.