Сенбілік – тазалық таразысы

Әркімнің өз туған жері Мысыр шаһарынан кем емес дейміз тегінде. Туып-өскен жер әркімге ыстық, әркімге тәтті һәм қастерлі. «Еліңнің басы болмасаң да, сайының тасы бол» деген өсиет қалдырған баба сөзіне алып қосарымыз жоқ. Сол туған өлкеге деген қамқорлық көрсеткішін бүгінде тұрғылықты жердің тазалығынан бағамдайтынымыз тағы бар.

Өткен аптаның сенбісінде қалада жалпыоблыстық сенбілік ұйымдастырылып, жергілікті мекеме қызметкерлері орта­лық көшелерді қоқыс­тан тазартты. Игілікті шара кезінде ағаштар әктеліп, әлеуметтік нысан аумақтары абаттандырылды. Санитарлық тазарту жұмыстары кезінде тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстар тазартылды.

Сәуір айының 8-інен бастау алған сенбілік бұл жолы облыс деңгейінде өтіп, Қарағандының барлық өңірінде тазарту жұмыстары жалпыхалықтық сипат ала бастады. Сәтбаевтағы сенбілікке осы аптада қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты. Игі іске сондай-ақ шаһардағы шағын және орта бизнестің кей өкілдері атсалысты. Олар өздеріне тиесілі сауда нысанының аумағын қоқыстан тазартып, қала тазалығына үлес қосты. Алайда, ілкімді істі ілгерілетуге қала тұрғындарының енжарлығы, желі арқылы таралған хабарламаны қаперге алмағаны көңіл қынжылтты.

Каланы көгалдандыру қамымен сенбілікке қатысқан қала әкімі Асқар Ыдырысов та тұрғындардың мұндай қоғамдық жұмысқа жұмыла кірісерлік қауқары жоқтығын айтып, сәтбаевтықтарды туған өлкені таза ұстауға шақырды.

– Сенбіліктер жалпы­халықтық сипат алуы керек. Өзіміз суын ішіп, ауасын жұтып отырған жердің тазалығы тек өзіміздің қолымызда ғана екендігін ескеруіміз қажет еді. Алайда, қала тұрғындары қоғам болып белсенді қатысуға тиіс сенбілікке атсалысуға құлықсыз болып тұр. Кәсіпкерлерге де өз сауда нысаны аумағын тазалықта ұстау ескертілді. Оны да елеп-ескерусіз қалдырып жатқандар жетерлік.

Кенбілік өтетіні жайында әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру да айтылып, құлақтандырылды. Бірақ, оны қолдаған көпшілікті біз бүгін көре алмай отырмыз. Сондықтан, тұрғындарды тазалыққа, қаланы таза ұстауға шақырамын. Ол дегеніміз, мәдениетті болу деген сөз. Қоғамдық орында темекі тұқылын, қоқысты арнайы белгіленген жәшіктерге тастау керек. Қарапайым мәдениетті сақтау осыдан басталады, – дейді Асқар Абылайұлы.

Сенбілік алдағы уақытта, атап айтқанда 10 маусымға дейін өтеді. 20 сәуірде республика көлемінде ағаш отырғызу акциясы басталады. Аталған шара кезінде шаһар аумағында 30 мың көшет отырғызу жоспарлануда.

Қала тазалығы – көпке абырой. Ендеше көшелі істен қапы қалмауға тырысайық!

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.