Жобалар талқыланды

«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының кезектен тыс ХХІ конференциясына орай Жезқазған байыту фабрикасында Қарағанды филиалы төрағасының орынбасары Б.Шыңғысов бастаған бастауыш партия ұйымының төрағалары бас қосты.

«Нұр Отан» партия­сының кезекті XVIII-ші съезінде партия төрағасы Н.Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт бірдей әлеуметтік жобаны анықтап, партия мен Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Қазіргі таңда «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» деп аталатын жобалар бойынша атқарылып жатқан ауқымды істер төңірегінде Қарағанды филиалының саяси кеңес мүшесі, Жезқазған байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаев баяндады.

«Халыққа көмек» жобасының басты мақсаты – азаматтарды алаңдат­қан мәселелердің оң шешілуіне жедел әрі жүйелі түрде ықпал ету. Жаңа бастаманы партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес қауымдастықпен бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба негізінде партияның барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғыртылып, БӘТ жүйесінде қызмет көрсетуде. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша 1-ші шілдеден бастап әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары кеңейтіліп, күнкөріс деңгейін 70 пайызға дейін арттыру, көпбалалы отбасындағы әр балаға берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін жеткізу, тұрғын үй қорын жаңғырту шаралары жүзеге аспақ.

– «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз керек. Осы орайда «Ауыл – ел бесігі» жобасына 90 миллиард теңге бөлінеді. Жоба 1500 перспективалық ауылды қамтитын болады. Олардың тізбесі жасалды» деп Елбасы съезд жұмысында мәлімдеген болатын. Осы орайда жобаның алдағы уақытта үлкен жетістерге бастайтындығы сөзсіз, – деген М.Бөрібаев мұның «Құтты мекен» жобасымен ұштасатындығын жеткізді. Ауылдарда инженерлік-әлеуметтік инфрақұрыл­ымды дамытуға бағыт­талған «Құтты мекен» жобасы 7,5 миллион тұрғынның жағдайын жақ­сартпақ. Ең алдымен Үкімет әкімдермен, мәс­лихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмысын жүргізбек.

– Өнеркәсіптік әлеуметі бар біздің өңір үшін бес институционалдық рефор­маның қабылдануы, және олардың бірі тау-кен байыту кәсіпорындарын дамытуға бағытталғандығы біз үшін үлкен жетістік. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы партияның сенімді серігі, әлеуметтік жауапкершілігі бар компания ретінде қалыптасты. Алдағы уақытта аймақта орын алып жатқан әлеуметтік өзгерістерге оң ықпалын тигізе берері сөзсіз, – деді М.Бөрібаев.

Мұнан соң сөз алған конвейер машинисі Гүлбану Нұрмағанбетова, флотатор Лиза Башанова съезде қабылданған бағдарламалар мен шешімдердің маңызы зор екендігіне тоқталып, оны жүзеге асыруға жұмыла кірісуге шақырды.

Жиын соңында филиалдың кезектен тыс конференциясына бес делегат сайланып, оларға бірауыздан дауыс берілді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.