«Б ж С» – сапалы білімге бетбұрыс

Қазіргі жаһандану заманында қай елдің болмасын білім саласы өз кеңістігінде тұйықталып қалмауы керек. 2009 жылдан бастап қаламыздағы 5 мектептің бірі болып №1 мектепгимназияның педагогикалық ұжымы да «Биоақпараттандыру және Синергетика» технологиясын басшылыққа ала отырып, «Білім беру технопаркі» Республикалық жобасына ғылыми-тәжірибелік алаң ретінде еніп отыр. Білім ордасы бүгінгі таңда модульдағы мектептермен тығыз байланыс жасай отырып, инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасып, жұмыс жүргізуде.

Жақында қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен осы білім ордасының қабырғасында «Білім сапасын басқару» деген тақырыпта технологияның тиімділігін түсіндіріп, тәжірибе алмасу мақсатында қалалық семинар өтті.

Семинар аясында технологияға негізделген сегіз ашық сабақ өткізілді. Ашық сабаққа қала мектептерінің басшылары, оқу ісінің меңгерушілері, бас технологтары қатысты. Бастауыш сынып мұғалімі Н.Тимофеева «Алгоритм» картасымен, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Е.Байтаев «Ауызша сабақ-3» картасымен жұмыс жасап, білім беруде технологияның тиімді екендігін дәлелдеді. «Ауызша сабақ-2» картасымен сабақ жүргізген география пәнінің мұғалімі Б.Шахманованың, «Әмбебап» картасын басшылыққа алған орыс тілі пәнінің мұғалімі С.Иоцустың ашық сабақтары мұғалімдердің көңілінен шықты. Физика пәнінің мұғалімі Р.Пучкова «Қисын» картасында жұмыс жасаса, химия пәнінің мұғалімі Г.Жакупова «Көшбасшы» картасының негізінде оқушылардың білімін ашып көрсетті. Ал, тарих пәнінің мұғалімі С.Кенжеғозина «Белгілі, арнайы, жаңа» картасымен, матиматика пәнінің мұғалімі Е.Бутова «Күнбағыс, түймедақ, самал» картасымен жұмыс жасап, технологияға негізделген еңбектерін сәтті көрсете білді.

Сабақтардың соңында мұғалімдердің өткізген ашық сабақтарының тиімділігі мен маңыздылығын әр мектептен келген мұғалімдер талқылап, ортаға салды.

Өткізілген сабақтарды қорытындылау мақсатында «Сапаны жоспарлау» тақырыбында семинар өтіп, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары И.Беткер, мектеп басшысы С.Сағынтаева, бас технолог Л.Кәменова, осы оқу үрдісінің басы-қасында жүрген мұғалім Л.Беисова, мектеп басшысының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Шарипова баяндама жасап, технологияның білім сапасын жақсартудағы маңыздылығын түсіндіріп, технологиямен жүргізілген жұмыстардың жетістіктерін тілге тиек етті.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.