Кітапханадағы қызықты кештер

Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар кітабының күніне арналған апталық болып өтті. Апталықтың алғашқа күнінде Б.Соқпақбаевтың туғанына 95 жыл толуына байланысты «Менің атым Қожа» повесінің желісі бойынша библиокино өткізілді. Шараға №1 мектеп-гимназияның 5 «А» сынып оқушылары қатысты.

Кітапханашы Ә.Шегебаева оқушыларды Б.Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығымен бейне слайд арқылы таныстырып өтті. Бұдан соң қаламгер шеберлігінің белгілі бір биікке жеткендігін көрсететін туындысы, қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа – «Менің атым Қожа» повесі желісінде түсірілген киноның үзінділерін көрсете отырып, ондағы кейіпкерлерге талдау жасалды. Балалар повестің мазмұнын айта отырып, кейіпкерлерге мінездеме берді. Хикаят бойынша дайындалған викториналық сұрақтарға оқырмандар белсене жауап берді.

* * *

Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында А.С.Пушкиннің туғанына 220 жыл толуына орай «Пушкин ертегілеріне саяхат» атты квест ойыны ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға №1-ші мектеп-гимназияның 4 «А» сынып оқушылары қатысты. Оларға ақынның өмірінен қысқаша мәліметтер беріліп, «Балықшы мен балық» ертегісі көрсетілді. Балалар Пушкин ертегілері желісі бойынша арнайы дайындалған викториналық сұрақтарға жауап беріп, сурет арқылы «Ойлап тап» ойынын жарыса шешті.

Соңында балалар алтын балыққа деген тілектерін жазып, теңіз бетіне жабыстырды. Сонымен қатар, әдемі безендірілген кітап көрмесімен танысып, өздеріне ұнаған ертегі кітаптарды жаздырып алды.

Ф.Дузбаева,
балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы.

Комментарии закрыты.