Велосипедшілер белсенді

Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай, өткен жексенбіде қаламызда жасөспірімдер арасында веложарыс ұйымдастырылды.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Жастар -Болашақ» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған шараға жүзге тарта сәтбаевтық қатысты. «Ұлытау» қонақ үйінің алдындағы ашылу салтанатынан кейін велосипедшілер қала сыртындағы Сарыкеңгір трассасына бет алды. Жиналған көрермендердің қошеметі жарысқа қатысушыларға жігер берді. Шашасына шаң жұқтырмаған шабандоздар барын салып, белгіленген шақырымды айналып өтті. Нәтижесінде он үш пен он бес жас арасында жеті шақырымды шалдықпай артқа тастаған Сергей Казанцев – бірінші, Ерасыл Бағдат – екінші, Ернар Мұрат үшінші орынды жеңіп алса, он мен он екі жас арасында үш шақырымнан шаршамай жеткен Әділ Ахметжанов – бірінші, Әділет Сәкен – екінші, Әбілмансұр Шанбыл үшінші орынды еншіледі. Ал, бұл күні ағаларынан қалыспай, жарысқа қатысуға үшаяқты велосипедін сүйреп келген төрт жасар Нұрислам Темірбек «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болды.

Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйақы табыс етілді. Мұндай жарысты тұрақты түрде ұйымдастыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Мира ШАХАТ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.