Штабтың жұмысы қызуда

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2012 жылдың 15 қаңтары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы күні болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай еліміздің барлық аймақтарында заңдылықтарға сәйкес мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар жұртшылықпен кездесулер өткізуде. Осындай кездесудің бірі өткен жұмада Абай атындағы №4 лицеймектепте өтіп, оған Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттар Т.Тлемісов пен Ж.Бөрібаев, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттығына кандидаттар, «Нұр Отан» ХДП-ның сенімді өкілдері қатысты.

Кездесуді «Нұр Отан» ХДПның Сәтбаев қалалық сайлауалды штабының төрағасы Г.Есмұрзаева ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында Рудник сайлау округі бойынша Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Ж.Бөрібаев сөз сөйлеп, қарқынды даму жолына түскен Қазақстанның жарқын келешегі жайлы айтты.

– «Нұр Отан» ХДП – ел Президентінің партиясы, халықтық партия. 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен президенттік сайлау қазақстандықтардың Елбасымыз Н.Назарбаевты жаппай қолдайтындығын және оның стратегиялық бағытымен одан әрі жүруге дайын екендігін көрсетті. Ұлт көшбасшысы төрағалық ететін партияның болашағы сенімді, мақсаттары биік. Сондықтан барша халықты «Нұр Отан» партиясынан сайланған кандидаттарға дауыс беруге шақырамыз, – деді Жанболат Сергейұлы.

Өз сөз кезегінде Байқоңыр сайлау округі бойынша Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Т.Тлемісов Тәуелсіздік жылдарындағы оң өзгерістер мен жетістіктер жайында баяндады. Сонымен бірге, кездесуде ой-пікірлерін Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттығына кандидаттар А.Төлендина мен Т.Хмилярчук, «Нұр Отан» ХДПның сенімді өкілі З.Қиянова білдірді.

Осылайша, көшбасшы партия өзінің биік деңгейін сақтап қалу үшін түрлі іс-шаралар өткізіп, партия атынан ұсынылған үміткерлерін үкілеуде.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.