Вице-премьер жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді

Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болып қайтты.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Жезқазған-Ұлытау аймағына атбасын бұрып, Жезқазған қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарда болды. Мейман әуелі Медициналық орталықта болып, ондағы 300 орынға арналған стационар мен бір ауысымда 800-ге дейін келушіні қабылдай алатын емхананың жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова қалалық Жұмыспен қамту орталығында болды.

Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазғанда 1,5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың 300-і әлеуметтік аз қамтылғандар. Қазір қалада жаңа ережелер бойынша атаулы әлеуметтік көмекті беруге дайындықтар жүріп жатыр.

Жалпы, жұмыспен қамту орталығында автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Мұнда алыс ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп, оларға кеңес беретін 14 жылжымалы пункт бар. Жұмыспен қамту орталығының көмегімен өткен жылы Жезқазғанда 2728 адам жұмысқа орналаса алған. Қысқа мерзімді кәсіби оқуларға 243 адам жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 100 адам кәсіпкерлік бойынша білім алуда. 121 адам жастар тәжірибесіне жөнелтілген.
Премьер-Министрдің орынбасары Жезқазғанда «Ертөстік» бөбекжайында болды. Және мектеп оқушылары бағдарламалау мен робототехника бойынша білім алатын «IT TECHNOLOGY FOR YOU» білім орталығының жұмысымен танысты. «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы IT-сыныптардың ашылуына 38 миллионнан астам теңге жұмсаған.

Жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіқалықова Жезқазғанда азаматтарды қабылдап, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өтетін жиынға қатысты.

Комментарии закрыты.