Желаяқтар жарысы

Өткен аптада жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, жерлесіміз Виталий Савиннің жүлдесіне арналған облыстық жарыс жалауын түрді. Спорттық байқауда шашауына шаң жұқтырмаған желаяқтар жарыс жолына түсіп, бақ пен бап қатар шабатын бәсекенің көркін қыздырды.

Бұрынғы Никольск, қазіргі Сәтбаев қаласының тумасы, жеңіл атлетика жампозы Виталий Савиннің жүлдесіне арналған жарыс дәстүрге сай жыл сайын өткізіліп келеді. Байқау салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттың жеңіл атлетика сынды түрін насихаттау, елдің болашақ спортшыларының есімдерін анықтау, жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыру сынды мақсаттарды көздеді.

Виталий Анатольевичтің спорттағы жетістіктері жасөспірімдерге жігер беретіні анық. Маңдай тер мен ерік-жігердің арқасында спринтерші 1988 жылы Корея мемлекетінің Сеул қаласында эстафеталық жарыста асығы алшысынан түсіп, Олимпиада чемпионы атанды. Бақ таластырған жарыстарда жеңіске жетіп қана қоймай, рекорд жаңартып, дүние жүзіне танылды. 1994 жылы Азияда жүз метрге жүгіруде күміс медальға қол жеткізсе, сол жарыстың жабық кешеніндегі 50 метр қашықтықта рекордсмен атанған.

– Әрбіріңіз үздік нәтижемен жеңіске жетуді көздеп отырғандарыңыз сөзсіз. Жерлесіміздің жеңістері әр спортшыға белестерді еңсеруге үлкен демеу береді деп ойлаймын. Әрбіріңіз жеңіл атлетиканың болашақ чемпиондарысыздар. Жарыс жолында сәттілік тілейміз, – деді жарыстың ашылу салтанатында бас төреші Владимир Князюк.
Желаяқтар жарысына Сәтбаев, Жезқазған, Шахтинск, Теміртау, Қарағанды қалаларының спортшыларымен қатар, Маңғыстау облысының өкілдері де қатысуға құлық танытқан.

– Біз Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан келіп отырмыз. Қаланың көрікті жерлерін толық аралап үлгермедік. Бірақ, мұндай шар ішіндегі үлкен спорттық алаңды көргеніміз жоқ. Көп манеждер 400 метрлік аумақты қамти алмайды. Енді осы манежде емін-еркін жаттығып, жеңісімізді еселей аламыз. Қазіргі біздің негізгі мақсатымыз медаль болып отырған жоқ. Белгіленген межені орындау үшін өзіме талап қойып отырмын. Себебі, алда балалар олимпиадалық ойындары өтеді. Сол жарысқа қатысуым үшін өз разрядтарымызды қорғап шығу міндет болып тұр, – деді жарысқа қатысушы, 13 жастағы Карина Феизова.

Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер 50 м, 200 м, 400 м, 800 метрге жүгіру, эстафеталық жүгіріс, ұзындыққа және биіктікке секіру бойынша екі күн бойы өзара бақ сынасып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Жеңімпаздар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан мақтау қағазы мен құнды сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.